Құтқарушылармен бірге бір күн

         Күн сайын төтенше жағдайға бірінші болып жететін құтқарушылардың еңбегі көп жағдайда көпшілікке көріне бермейді. Ал «Құқық тәртібі әліппесі» акциясы сол қызметтің қыр-сырын жақыннан таныстыруға мүмкіндік берді. Қатысушылар құтқарушылардың техникасын ғана емес, олардың шынайы әрекетін іс жүзінде көрді.

Шара Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаменті базасында ұйымдастырылды. Акция «Заң және тәртіп» идеологиялық бағыты аясында өтіп, Қарағанды облысы прокуратурасы Жобалық кеңсесінің бастамасымен жүзеге асырылды. Оның басты мақсаты – мемлекеттік органдар жұмысының ашықтығын арттыру, заңдылық қағидаттарын іс жүзінде көрсету және қоғаммен тікелей байланыс орнату.

Шараға прокуратура, облыс әкімдігі, мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйым өкілдері мен студенттер қатысты. Экскурсия мамандандырылған №1 өрт сөндіру бөлімінде басталды. Қонақтарға төтенше жағдай туралы ақпараттың қалай қабылданып, қалай өңделетіні және бөлімшелердің шақыртуға қалай шығатыны түсіндірілді. Сонымен қатар азаматтық қорғау қызметінің тарихы таныстырылды.

Қатысушылар өрт сөндірушілердің жылу-түтін камерасындағы дайындығын, ғимараттың жоғарғы қабатынан зардап шеккен адамды құтқару тәсілін, кинологиялық топтың орманда шартты жоғалған адамды іздеу жұмысын көрді. Бұдан бөлек, су асты мамандарының қысқы жағдайда әрекет етуі, жол-көлік оқиғасынан кейін көлікте қысылып қалған адамды шығару және гидравликалық, авариялық-құтқару құралдарын қолдану мүмкіндіктері көрсетілді.

Шара барысында ТЖД басшысының орынбасары, азаматтық қорғау подполковнигі Думан Далешов құтқарушылар қызметінің маңызын атап өтті.

– Біздің міндетіміз құтқарушылардың күнделікті жұмысын жан-жақты көрсету. Олар қандай шақыртуларға барады, қандай техника пайдаланады, төтенше жағдайда шешімді қалай қабылдайды? Мұның бәрі халыққа түсінікті болуы керек. Осындай формат азаматтық қорғау қызметінің нақты жұмысын өз көзімізбен көруге мүмкіндік береді, – деді ол.

Айта кету керек, департаментте ашық форматтағы шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Алайда прокуратурамен бірлескен бұл жоба алғаш рет ұйымдастырылды. Бастаманың мақсаты құқықтық мәдениетті арттыру және мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы сенімді нығайту.

Құтқарушылардың қызметі – үлкен жауапкершілік пен батылдықты талап ететін сала. Ал мұндай ашық кездесулер сол еңбектің маңызын тереңірек түсінуге жол ашады.

Ералы ҒАНИ,

«QH»