Құтқарушы сайысы

Қарағанды жоғары политехникалық колледжінің базасында «Аман қалу жолы» атты өңіраралық құтқару көпсайысы ұйымдастырылды. Іс-шара азаматтық қорғаныс жүйесін жетілдіру, іздестіру-құтқару жұмыстарын пысықтау және халықаралық жарыстарға дайындық мақсатында өтті.

Жарысқа еліміздің әр өңірінен колледж студенттері мен кәсіби құтқарушылар қатысты. Қатысушылар авариялық-құтқару, іздестіру және суға батқан адамды құтқару сияқты шынайы жағдайда қажетті дағдыларын көрсетті.

Нәтижесінде студенттер арасында 1-орынды Қарағанды жоғары политехникалық колледжі, 2-орынды Солтүстік Қазақстан кәсіби-педагогикалық колледжі, 3-орынды Шахтинск технологиялық колледжі мен «Астана Профи» колледжі иеленді. Құтқарушылар арасында үздік нәтиже Қарағанды қалалық жедел-құтқару жасағына бұйырды.

Жеңімпаздар дипломдармен, медальдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. «Аман қалу жолы» көпсайысы – құтқарушылардың кәсіби шеберлігін арттыруға бағытталған маңызды бастама болып қала бермек.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»