Сырт алаңдағы сенімді жеңіс
Қазақстан чемпионаты аясында өткен кезекті турда Қарағандының «Шахтері» Шымкенттің «Оңтүстік Академиясымен» жолығып, жанкүйерлерге тартысты ойын сыйлады. Сырт алаңда өнер көрсеткеніне қарамастан, кеншілер қарсыласынан басым түсіп, 2:0 есебімен маңызды үш ұпайға қол жеткізді.
Кездесудің алғашқы минуттарында алаң иелері белсенділік танытып, ойын тізгінін қолға алуға тырысты. Шымкенттіктер бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырғанымен, «Шахтердің» қорғаныс шебі берік болып шықты. Қонақтар жылдам қарымта шабуылдар арқылы ойын өрнегін көрсетті.
Ойынның 30-минутында трибунадағы қарағандылық жанкүйерлер шаттанып, бірінші голдың куәсі болды. Арман Нүсіп қақпа алдына әдемі пас шығарды, ал Максим Галкин бұл мүмкіндікті мүлт жібермей, қақпашыны қапы қалдырды – 0:1. Голдан кейін «Шахтер» сенімді ойнай бастады, ал алаң иелерінің шабуылдары нәтижесіз аяқталды.
Үзілістен кейін «Оңтүстік Академиясы» бапкерлер штабы құрамға өзгерістер енгізіп, ойынға жаңа серпін беруге тырысты. Матчтың 62-минутында күтпеген жағдай орын алды: «Шахтер» қорғаушысы Александр Мигунов алдымен сары қағаз алып, бір минуттан кейін тағы бір өрескел қателігі үшін алаңнан қуылды. Қарағандылықтар он ойыншымен қалып, бұл кездесудің интригасын күшейтті.
Соған қарамастан, «Шахтер» ойыншылары тәртіп пен ұйымшылдықтың үлгісін көрсетіп, қорғаныста сауатты қимылдап, шабуылда да өткірлігін жоғалтпады. 85-минутта Максим Галкин тағы да көзге түсіп, Сұлтан Шымырханға тамаша пас берді. Жас шабуылшы мүмкіндікті мүлт жібермей, есепті еселеді – 0:2. Бұл гол ойын тағдырын түбегейлі шешті.
Қорытынды есеп – 0:2. Қарағандының «Шахтері» сырт алаңда табандылық танытып, чемпионаттағы жағдайын жақсартты. Бұл кездесуде бапкердің дұрыс тактикасы, ойыншылардың жанкештілігі мен ұжымдық рухы айқын байқалды.
Жанкүйерлерге де бұл жеңіс ерекше қуаныш сыйлады. Команда келесі турда өз алаңында «Таразды» қабылдайды. Алдағы ойында да кеншілерге сенім мол.
Қарағандылық клуб биылғы маусымда басты мақсат ретінде «Жоғары лигаға» жолдама алуды көздеп отыр. Ойыншылардың бүгінгі жігері мен жеңіске деген құштарлығы олардың бұл мақсатқа жетуге толық қауқарлы екенін көрсетті.
Жеңісті күндерде жүздесейік, жерлестер! Сүйікті клубымызға бірге жанкүйер болайық!
Ералы ҒАНИ,
«QH»