Сырт алаңдағы сенімді жеңіс
Қазақстан Бірінші лигасының 10-туры аясында Қарағандының «Шахтер» командасы Жетісай қаласына қонаққа барып, жергілікті клубты 1:2 есебімен тізе бүктірді.
Кездесу өте тартысты өтті. Алғашқы голды қонақтар соқты. 30-минутта Максим Галкин шабуылды сәтті аяқтап, «Шахтерды» алға шығарды. Алайда бұл басымдық ұзаққа созылмады – 39-минутта жетісайлық Бекнұр Рыскұл таразы басын теңестірді – 1:1.
Екінші таймда ойын қарқыны бәсеңдеген жоқ. Екі команда да құрамға тың ойыншылар қосты. 63-минутта Максим Галкин сары қағаз алғанымен, бұл эпизод қонақтардың ойын ырғағына айтарлықтай әсер еткен жоқ. Арада көп уақыт өтпей, 67-минутта алаңға қосалқы құрамнан шыққан Арман Нүсіп мергендік танытып, «Шахтерды» қайтадан алға шығарды – 1:2.
Ойынның соңғы минуттарына дейін алаңда қызу шабуылдар өрбіді. Дегенмен, таблодағы есеп өзгеріссіз қалды. Осылайша, «Шахтер» сырт алаңдағы маңызды матчта жеңіске жетіп, қоржынына үш ұпай қосты.
Қарағандылық клуб қазіргі таңда 24 ұпаймен турнир кестесінде екінші орында келеді. Келесі турда «Шахтер» өз алаңында «Оңтүстік Академиясын» қабылдайды. Жерлестерімізге сәттілік тілейміз!
Ералы ҒАНИ,
«QH»