Сырлы Сәкен
Биыл ақын, драматург, мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің туғанына 130 жыл. Қазақстан жазушылар одағының негізін қалаушы ұлы жазушының мерейтойына орай Достық үйінде «Сырлы Сәкен» облыстық байқауы ұйымдастырылды. Этномәдени бірлестік өкілдері қатысқан байқау өтті.
Сәкен Сейфуллин 1894 жылы 15 қазанда дүниеге келген. Қазақтың атақты ақыны, жалынды жазушысы, дарынды драматург, білікті ұстаз, мемлекеттік қайраткері, Қазақстанның қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі. Қазақ КСР-інің Халық Комиссарлары Кеңесінің алғашқы төрағасы болған Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған облыстық байқауға 7 аудан, қаладан қатысушылар жиналды. «Сырлы Сәкен» атауымен айшықталған байқауда 24 сайыскер бақ сынады.
– Биыл енді, ең маңызды даталардың бірі – ол жерлесіміз, қазақ әдебиетінің негізін салушы Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдығы болғаннан кейін, біз бұл конкурсты сол мерейтойға арнап отырмыз. Барлық қатысушы дайындалып келген. Оның ішінде өте жоғары деңгейде өнер көрсеткендер де бар, – деді «Қоғамдық келісім» КММ директоры Гүлнар Касембаева.
Облыстық байқаудың артықшылығы мұнда қатысушылар түрлі этнос өкілі этномәдени бірлестік мүшелері сайыскерлер сапында Сәкен Сейфуллиннің шығармашылығын паш етуде. Ақынның туындыларын келістіре жеткізіп, өлеңдерін әсерлі оқыды. Байқау 2 аталым бойынша өтті. «Сәкеннің сыр сандығы» аталымында қатысушылар өз таңдаулары бойынша ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқыса, «Сәкен сері әндері» аталымында ақынның өлеңдеріне жазылған әндерді музыкалық сүйемелдеумен орындады.
– Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде» әні маған өте қатты ұнады. Және осы конкурста мен Шәмші Қалдаяқовтың әндеріне негізделген попурриді де орындадым, – дейді байқауға қатысушы Надежда Тункина.
Байқау жеңімпаздары қазылар алқасының шешімімен анықталды. «Сәкеннің сыр сандығы» аталымы бойынша Теміртау қаласындағы неміс орталығының өкілі Анастасия Ткаченкова бірінші орынды иеленді. «Сәкен сері әндері» аталымы бойынша бірінші орынды Гагарин атындағы орта мектептің оқушысы Виктория Аленина жеңіп алды. Барлық қатысушыға алғысхаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»