Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпесv
Құлақтан кіріп бойды алар
Жақсы ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең, менше сүй, – деп қазақтың ұлы ақыны, сазгері Абай хакім айтқанындай, қазақтың ежелгі дәстүрлі әні мен күй өнері ғасырдардан-ғасырларға жетіп, біздің бай мұрамыз, баға жетпес асыл қазынамыз болып отыр. Қарағанды қалалық ардагерлер кеңесі бүкіл саналы өмірін адал еңбекке арнап, зейнетке шыққан ардагерлер арасында қазақтың дәстүрлі әндері мен шертпе және төкпе күйлерін орындаушылар арасында «Әсем ән мен тәтті күй – жан серігім» атты байқау ұйымдастырды. Байқау қалалық №2 балалар музыка мектебінде өтті.
«Ел іші – өнер кеніші» деп тегін айтпаған. Байқауға сонау мектеп қабырғасында жүрген кезеңнен көркемөнерпаздар үйірмелеріне қатысып, ел ішінде өз өнерлерімен халық арасында танымал болып жүрген азаматтар қатысты. Олар – талай биік сахнада өнер көрсетіп жүрген әйгілі кәсіби әнші немесе атақ-даңқы жер жарған дәулескер күйші, немесе айтулы орындаушы емес. Дегенмен, «әу» демейтін қазақ жоқ» дегендей, олар да мектеп сахнасынан, ауыл клубынан бастап талай ойын-тойда қазақтың дәстүрлі ән-күй өнерін өз хал-қадірінше насихаттап келеді. Алды сексеннің сеңгірінен асып, жетпістің қырқасына шықса да үйде қол қусырып отырмай, өнерлерін паш етіп жүр.
Байқауға қатысушыларды Қарағанды қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғабит Тұяқов құттықтады. Орындаушылардың шеберлігіне Тәттімбет атындағы академиялық оркестрдің көркемдік жетекшісі, дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әбуғалисын Шоқанбаев, белгілі ұстаз және күйші Өзбек Бимендин қазылық етті.
Әдеттегідей Қарағандының Кеншілер мәдениет сарайы жанындағы «Көзкөргендер» анасамблінің мүшелері көзге түсті. Оның құрамында республикалық, облыстық ардагерлер фестивалінің жүлдегері атанған талай өнерпаз жан бар. Сахнаға бірінен соң бірі Сандуғаш Құлмақова, Оңғарбай Қуанышбаев, Кабира Тойбекова, Жанар Қыдырбаева, Шәпен Исина, Күліш Төлеуханова, Оразгүл Досымбетова, Рымкеш Төлебаева сынды өнерпаздар шығып, байқау шарты бойынша бір-бір өлеңмен ғана өнер көрсетсе де, тыңдарман қауымның айызын қандырды. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпес» дегендей, жүлдегер атанып, халық әндері мен халық композиторларының «Ақбақай», «Қазақ вальсі», «Қызқарағай» әндерін орындағын Бикен Балмағанбетова, Сарыалтын Жұматова, Қарлығаш Медеубаевалардың өнерлерін қазылар алқасы жоғары бағалады.
Күй сайысын жюри мүшесі Өзбек Бимендин өзі бастап, Сүгірдің қалың жұртқа беймәлім «Ана күйін» орындап, тыңдарман қауымның сай-сүйегін сырқыратты. Бұл күйді ол ел ішіндегі өнерлі ақасақал Нұрмағамбеттен үйреніп алып, Қазақ радиосының «Алтын қорына» жазып қалдырған. Күй байқауының жүлдегерлері Балкен Қанапия, Кәрібай Жанабаев, Роза Түсіпбекова мен Бижамал Айтпаеваның Тәттімбеттің «Көкейкесті», Құрманғазының «Адай», «Балбырауын», Секен Тұрысбековтің «Көңіл толқыны» күйлерін құйқылжыта орындаған шеберліктеріне сүйсінбеген жан жоқ. Жүлдегерлерге қалалық кеңес ақшалай сыйлық тағайындап, дипломдармен марапаттады, ал байқауға қатысушылардың бәріне алғысхат табыс етілді.
Қарағанды қалалық ардагерлер кеңесі