Сыныптан стадионға бастар жол

Қарағанды облысында жаңа оқу жылы басталғалы бері білім беру мен спортты ұштастырған маңызды бастама – ALGA! жобасы табысты іске асырылып келеді. Бұл жоба өңір мектептеріндегі оқу бағдарламасына тың серпін беріп, бастауыш сынып оқушыларының спортқа деген қызығушылығын арттыруға бағытталған. Бастама облыс әкімі, Қарағанды облыстық футбол қауымдастығы (QOFA) және Freedom Holding Corp. компаниясының қолдауымен жүзеге асуда.

Жоба аясында жүздеген оқушы футболмен жүйелі түрде айналысу мүмкіндігіне ие болды. Сабақ барысында балалардың физикалық дайындығы жақсарып қана қоймай, командалық жұмыс, тәртіп, жауапкершілік пен көшбасшылық қабілеттері де қалыптасуда. Мамандардың айтуынша, дәл осы жас кезеңінде спорт арқылы берілген тәрбие баланың болашақ өміріне тікелей әсер етеді.

ALGA! жобасының басты мақсаты – футболды балалардың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналдыру, олардың денсаулығын нығайтып, салауатты өмір салтына деген дұрыс көзқарасты ерте жастан қалыптастыру. Жобаның ерекшелігі – футбол сабақтарының мектеп кестесіне енгізілуінде. Бұл ата-аналар үшін де, оқушылар үшін де үлкен жеңілдік.

Саран қаласындағы №17 мектеп-гимназияның 2-сынып оқушысы Әлімнің анасы Алла Гильмутдинованың айтуынша, жоба балалардың дамуына нақты әрі ұзақ мерзімді оң әсер беріп отыр.

– Мектебіміздің осы жобаға қосылғанына өте қуаныштымыз. Футбол баланың төзімділігін арттырып, денсаулығына оң әсер етеді. Ең бастысы – енді қосымша секция іздеп, оған уақыт пен қаражат жұмсаудың қажеті жоқ. Футбол сабақ кестесіне енгізілген, ал сабақтан кейін бала өзге үйірмелерге қатыса алады. Бұл баланың жан-жақты дамуына үлкен мүмкіндік, – дейді ол.

Жобаға қатысушылардың арасында бұрын футболмен айналыспаған балалар да бар. Солардың бірі – Яйсан Аманжолова. Ол футболды мектеп қабырғасында алғаш рет жүйелі түрде үйреніп жүр. Айта кетерлігі, Яйсанның атасы – бірнеше буын футболшыларды тәрбиелеген тәжірибелі жаттықтырушы Қазбек Қабылғазин. Қазір жас спортшы әр дене шынықтыру сабағынан кейін үйіне ерекше әсермен оралып, алған әсерін қуана бөліседі.

– Маған футбол қатты ұнайды. Қақпада тұрғанды жақсы көремін. Мектебімізде осындай сабақтың енгізілгені өте керемет. Сабақтар қызықты әрі көңілді өтеді, – дейді Яйсан.

Биылғы оқу жылында ALGA! жобасы Қарағанды, Саран, Теміртау, Абай және Үштөбе қалаларындағы 10 мектепті қамтып отыр. Бағдарламаға сәйкес, 1-4 сынып оқушылары үшін үшінші дене шынықтыру сабағы толығымен футболға арналса, орта және жоғары сыныптар үшін қосымша футбол секциялары ашылуда.

Жобаға қатысқан барлық білім беру ұйымы қажетті спорттық құрал-жабдықтармен – футбол доптары мен қақпалармен толық қамтамасыз етілді. Сонымен қатар мектеп мұғалімдері арнайы оқытудан өтіп, футболды ресми түрде оқытуға мүмкіндік беретін UEFA D санатындағы жаттықтырушы лицензиясын алды. Бұл – жобаның сапалы әрі кәсіби деңгейде жүзеге асуына мүмкіндік беріп отыр.

– ALGA! жобасы өңірде бұқаралық спортты дамытудың маңызды тетігіне айналды. Келесі оқу жылында оған облыс бойынша тағы 30 мектеп қосылады. Бағдарлама тек қала мектептерін ғана емес, ауылдық елді мекендерді де қамтитын болады, – дейді «Сарыарқа дарыны» балаларға арналған өңірлік ғылыми-практикалық қосымша білім беру орталығы басшысының орынбасары Асхат Кәкетаев.

Жобаның инфрақұрылымдық дамуы да назардан тыс қалған жоқ. Алдағы жоспарға сәйкес, 2029 жылға дейін Қарағанды облысында жасанды жабындысы бар 10 шағын форматтағы футбол алаңы салу көзделіп отыр. Бұл алаңдар балалардың жыл бойы қауіпсіз әрі қолайлы жағдайда жаттығуына мүмкіндік береді.

ALGA! жобасының алғашқы төрт айдағы нәтижелері фиджитал-фестиваль форматында қорытындыланды. Аталған шара классикалық спорт түрлерін, киберфутболды және инклюзивті тәжірибелерді бір алаңда тоғыстырды. Фестиваль екі бағытта өтті: отбасылық спорттық-ағартушылық ALGA! жобасы және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған Phygital Kids Fest.

– Қыркүйек айынан бастап мектептерде үшінші футбол сабағын енгіздік. Қазір алғашқы жартыжылдықтың қорытындысын шығарып отырмыз. Балалар мен ата-аналардың қызығушылығы өте жоғары. Біздің басты ұстанымымыз – спорттың қолжетімді, тартымды әрі біріктіруші болуы, – деді QOFA білім беру жобаларының жетекшісі Данияр Кәрібаев.

ALGA! жобасы – жас ұрпақтың денсаулығын нығайтып қана қоймай, олардың болашағына салынған маңызды инвестиция. Бүгінгі мектептегі футбол сабағы ертеңгі үлкен спорт пен салауатты қоғамның бастауы болмақ.

Ералы ҒАНИ,

«QH»