Сусындарға салық салу

Қазақстанда газды және энергетик сусындарға салық салу тақырыбы тағы да қолға алынды. Денсаулық сақтау министрлігі пайдалы емес сусындар бағасының қымбаттауы азаматтардың оны шектен тыс тұтынуына тосқауыл болатынына сенімді. Баға қаншалықты көтерілуі мүмкін және қарағандылықтар бұл туралы не ойлайды?

Бүгінгі таңда дүкендерде қантты газдалған сусындар кез-келген талғамға, түске, бағаға яғни үлкен ассортиментте ұсынылған. Энергетиктердің келгені кеше ғана еді, ал қазір оны орта жастан төменгі әрбір екінші адам күнделікті тұтынады. Әрине, жарнамасы да көздің жауын алып тұр. Дәрігерлердің айтуынша, бұл сусындардың барлығы денсаулыққа зиян келтіруден, өміріңізді кері кетіруден басқа ештеңе әкелмейді.

– Соңғы 5-6 жылда артық салмаққа тап болған балалардың саны алты жастан 10 жасқа дейін 20%-ға жетті. Бүгінгі таңда балалардың шамамен 20% күн сайын қант қосылған сусындарды тұтынады. Бұл семіздік, жүрек-қан тамырлары аурулары, екінші типтегі қант диабеті, тіпті онкология сияқты аурулардың пайда болуына тікелей әсер етеді, – дейді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев.

Дәрігерлер ересектердің таңдауына әсер ете алмайтындықтан, кемінде жас ұрпақты күмәнді шырындардың зардабынан сақтап қалғысы келеді. Сондықтан да осыған дейін алкаголь мен темекіге салынған салықты енді энергетиктерге қолданбақшы. Әзірге қорқытып тұрған сандар жоқ, литрі 100 теңгеге қымбаттайды деп мәлімдеді.

– Мен акциз енгізгеннен керемет өзгеріс бола қояды деп, ойламаймын. Мәселені түпкі тамырымен зерттеу керек. Үйдегі тәртіп пен тәрбиеге де байланысты. Мен өз басым балаларға энергетик сусын сатқызуға қарсымын. Бірақ шара жоқ, бәрібір ол бұған дейін сатылған да, сатыла береді де. Тек қана салық арқылы кішігірім кедергі жасауға болады, –деп санайды  қоғам белсендісі Бейбіт Жұмабеков.

Бейбіт Жұмабековтың айтуынша, темекі өнімдеріне акциздермен жасалған шара адамдардың жаман әдетін жаппай тастауына әсер етпегенімен, енді олар мұны энергетик сусындармен де жасағысы келеді.

– Бұл да бір бұлыңғыр әрекет. Себебі, энергетиктердің жалпылама бағаларын көтерсе, адамдар арзаны қайсы, соны ала бастайды. Ал ол одан әрмен зиян болады. Ал сапалысын алу үшін қымбатынан да бас тартпайтындар бар. Негізі түгелімен тыйым салса деймін. Бірақ қайдам, – дейді ол.

Бүгінде бүкіл әлемнің 115 елінде құрамында қант бар сусындарға, соның ішінде Ресей, Қырғызстан, Өзбекстанда түрлі жанама салық салынған. Оны енгізу Денсаулық сақтау жүйесін дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес көзделген. Қазақстандық кәсіпкерлер инновацияға қарсы, өйткені сала өндірушілердің сатылымы мен пайдасының, негізгі капиталға инвестициялардың төмендеуіне және өндіріс көлемінің төмендеуіне және жұмыс орындарының қысқаруына тап болады. Қоғам белсенділері балаларды жас кезінен бастап тамақтану мәдениетін қалыптастыру әлдеқайда тиімді болатынын айтады.

Қанағат ЭДУАРДҚЫЗЫ,                                     

«QH»