Су тасқынына дайындық
Қарағанды облысы су тасқыны кезеңіне дайындықты күшейтті. Өткен жылдары болған су тасқынының зардаптары облыс үшін үлкен сабақ болды. Сондықтан да биылғы жылы табиғи апаттардың алдын алу үшін барлық қажетті шара қолға алынды. Қауіп төніп тұрған елдімекендерде арнайы сақтық шаралары жүргізіліп, су өткізу арналарын тазалау, тасқынға қарсы бөгеттер орнату жұмыстары қарқынды түрде жүзеге асуда. Ауа райының күрт өзгеруі – табиғаттың өз еркімен емес, климаттың өзгеруіне байланысты күшейіп отырған құбылыс екенін көрсетеді. Мұндай жағдайлар облыс үшін қосымша қауіп-қатер туғызуы мүмкін. Сондықтан да әрбір жергілікті атқарушы орган мен тұрғындар ауа райының алдын ала болжамдарын ескеріп, сақтық шараларын күшейтуі тиіс.
Өңірімізде су тасқыны кезеңіне дайындық жалғасуда. «Қазгидромет» пен ТЖД мәліметінше, 15 наурыздан бастап ауа температурасының көтерілуі күтілуде, бұл қардың қарқынды еруіне алып келуі мүмкін. Бүгінгі таңда өңірде гидрометеорологиялық жағдай тұрақты. Мамандардың айтуынша, өзендер әлі қысқы режимде. Гидравликалық мониторинг тәуліктің жарық уақытында әр төрт сағат сайын жүргізіледі. ТЖД қызметкерлері қарды, су өткізгіш құбырларды, каналдар мен арықтарды тазалау бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіп жатыр.
– Су тасқыны қаупі бар өзендердің шамамен 20 шақырым арнасы және 26 шақырым дренаж және су бұру жүйелері мен арналары тазартылды. 20 наурызға дейін оларды тазалау жұмыстары толығымен аяқталады, – деді Қарағанды облысының ТЖД төтенше жағдайларды алдын алу басқармасының бастығы Қанат Ысқақов.
Сондай-ақ жауаптылар су басу қаупі бар барлық елдімекендегі жағдай тұрақты бақылауда екенін атап өтті. Қарағандының Оңтүстік-Шығысына ерекше назар аударылатын болады. Мұнда тұрғын алабтарын су басудың алдын алу үшін ұзындығы 2 шақырымға жуық арна қазылып, нөсер жүйесі мен қабылдау камералары тазартылыпты. Еске салсақ, күні кеше облысымызда су тасқынының алдын алу және оған дайындықты күшейту мақсатында республикалық «КӨКТЕМ-2025» оқу-жаттығу жұмыстары басталды. Федоров су қоймасының аумағында төтенше жағдайлар қызметтерінің техникасы мен жабдықтарының көрсетілімі өтті.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»