Студенттер балы
Қарағандыда алғаш рет облыстық деңгейде студенттерге арналған салтанатты бал өтті. Бұл игі шара Республика күні мерекесіне орай ұйымдастырылып, облыстық жастар саясаты басқармасының қолдауымен және жергілікті жоғары оқу орындарының бастамасымен жүзеге асты. Кешке аймақтың түрлі университеттерінен келген талантты, білімді және белсенді жастар қатысып, мерекелік көңіл күйде би билеп, өнерлерін ортаға салды. Студенттер балы – жастардың рухани бірлігін нығайтып, патриоттық сезімін арттыруға бағытталған жаңа дәстүрге айналуы мүмкін.
Облыстық студенттер балына 12-ден астам жұп қатысты. Үміткерлер вальс билеп, залды әсем әуен мен ерекше әсерге толтырды. Әрбір студент өз би серігімен үйлесімді қимылдап, классикалық би өнерінің сұлулығын көрсетті. Студенттер балында үздік қатысушылар ақшалай сертификаттармен марапатталды: І орын иегеріне – 200 000 теңге, ІІ орынға – 150 000 теңге, ал ІІІ орынға – 100 000 теңге көлемінде сыйлық табысталды. Ал бас жүлде 250 000 теңгені құрады. Көптің ыстық ықыласына бөленіп, ерекше өнерімен көзге түскен №1 жұп – Дәулет Ергешов пен Ділназ Мұхтарова болды. Олар ІІМ Бәрімбек Бейсенов атындағы академиясының студенттері және әділқазылар шешімімен бас жүлдеге лайық деп танылды.
– Біз бұл байқауға өз еркімізбен қатысуға ниет білдірдік. Дайындық кезеңі өте жауапты өтті – күндіз-түні еңбектендік десе болады. Себебі екеуіміз де кәсіби биші емеспіз, бұрын мұндай сайыстарға қатысып көрмегенбіз. Соған қарамастан көп еңбектеніп, өзімізге сенім артып, жеңіске жететінімізге нық сендік, – деді бас жүлде жеңімпаздары Дәулет Ергешов, Ділназ Мұхтарова.
Мамандардың айтуынша, бұл шара болашақ мамандардың патриоттық рухын көтеру, шығармашылыққа деген қызығушылығын арттыру, эстетикалық талғамы мен дүниетанымын кеңейту, сондай-ақ ұжымдық қарым-қатынас дағдыларын қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған.
– Облыстық студенттер балы – жастар арасында дәстүрге айналған ерекше мәдени шара. Мұндай шаралар студенттердің өнерге, мәдениетке және отансүйгіштікке деген ықыласын арттырады. Біз бұл балды ұйымдастыру арқылы жастардың шығармашылық әлеуетін ашып, олардың бір-бірімен достық байланысын нығайтуды көздедік. Би алаңында өнер көрсеткен әрбір жұп – өз еңбегі мен ынтасының арқасында көрерменнің жүрегіне жол тапты. Әсіресе би мәдениетін насихаттап, жаңа буынның рухани дамуына үлес қосу – біздің басты мақсаттарымыздың бірі. Мұндай жобалар жастарды жауапкершілікке, ұйымшылдыққа және өз қабілетін көрсетуге тәрбиелейді. Біз алдағы уақытта да жастарды қолдауға бағытталған осындай мазмұнды шараларды жалғастырамыз, – дейді Қарағанды облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Аслан Кабегенов.
Студенттік балға қатысқан барлық студент назардан тыс қалған жоқ. Оларға ақшалай сыйлықтар табысталып, арнайы алғысхаттармен марапатталды.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»

