Ұстаз аты ұлықталған турнир
Қарағанды қаласында елімізге белгілі жаттықтырушы, Қазақстанның еңбек сіңірген бапкері Вера Карпованы еске алуға арналған республикалық турнир басталды. Дәстүрлі жарысқа еліміздің түрлі өңірлерінен келген 92 жас спортшы қатысуда.
Турнирдің ашылу салтанатына облыстық мәслихат депутаты Ерден Халилин, Жоғары спорт шеберлігі мектебінің басшысы Темірхан Абылаев, сондай-ақ Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев қатысты. Сонымен қатар Вера Карпованың жары Василий Карпов пен ұлы, Олимпиаданың қола жүлдегері Дмитрий Карпов та арнайы келіп, жас спортшыларға сәттілік тіледі.
Жарыс 2012 жылы туған ұлдар мен қыздар арасында өтіп жатыр. Бағдарлама төртсайыс түрінде ұйымдастырылған: 60 метрге жүгіру, ұзындыққа секіру, биіктікке секіру және қашықтыққа жүгіру. Ұлдар 600 метрге, қыздар 500 метрге жүгіреді. Биылғы турнирге 49 ұл және 43 қыз қатысып отыр.
Байқаудың негізгі мақсаты – жас спортшылардың шеберлігін арттыру және жеңіл атлетикаға деген қызығушылығын қолдау. Сонымен қатар жарыс Вера Карпованың спорт саласындағы еңбегін ұлықтауға бағытталған.
Вера Карпова – Қазақстанның жеңіл атлетикасына елеулі үлес қосқан маман. Ол өзінің бапкерлік қызметінде көптеген дарынды спортшыларды тәрбиелеп, олардың кәсіби өсуіне жол ашқан. Шәкірттерінің арасында халықаралық және республикалық жарыстардың жеңімпаздары бар.
Жарыс ұйымдастырушыларының айтуынша, бұл турнир жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп, спорт мектебінің үздік спортшыларына үлкен тәжірибе алмасу алаңына айналған. Мұндай жарыстар жасөспірімдердің дене дайындығын жетілдіріп қана қоймай, спорттық рух пен табандылыққа тәрбиелейді.
Турнир қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер медальдармен және арнайы дипломдармен марапатталады.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

