Спорт шеберлеріне көрсетілген құрмет

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бокстан Әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсіміне қатысты. Президент ұлттық құраманың тамаша жетістігін жоғары бағалап, бұл жеңіс еліміз үшін тарихи оқиға, барша халық үшін зор қуаныш екенін атап өтті.

– Қазақстан 68 мемлекеттің арасынан үздік шығып, бірінші орынға ие болды. Әлемдік бәсекеде Әнұранымыз жеті рет шырқалды, Көк туымыз жеті рет желбіреді. Бұл жетістік жылдар бойғы табанды еңбекпен, маңдай термен келгені анық. Ұл-қыздарымыз бокстың отанына барып, нағыз мықты спортшы екенін дәлелдеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жаһандық додада ел намысын қорғаған спортшылардың қатарында қарағандылық Аида Әбікеева де бар. Ол 65 келіге дейінгі салмақта ел қоржынына алтын медаль салды. Ливерпуль төрінде өткен ақтық сында Аида өзбекстандық қарсыласы Навбахор Хамидовамен кездесіп, шешуші раундта нағыз чемпионға тән мінез көрсетті. Алғашқы екі раундта қарсыласына жол бергендей болғанымен, үшінші кезеңде қарқынын күшейтіп, дәл соққыларын дарытып, айқастың тағдырын өз пайдасына шешті. Қазылар алқасы бірауыздан жеңісті қазақ қызына беріп, есеп 3:0 болып тіркелді.

Бұл жеңіс – тек Аиданың жеке табысы емес, күллі қарағандылықтардың мерейі. Өйткені ол бала кезінен осы өңірде шынығып, Қарағанды бокс мектебінің дәстүрін жалғап келе жатқан спортшы. Әлемдік аренада топ жарған Әбікеева Қарағандының спорттағы орнын тағы бір мәрте айқындап берді.

Мемлекет басшысы чемпионаттағы жоғары жетістіктері үшін Қарағанды облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының Жоғарғы спорт шеберлігі мектебінің жаттықтырушысы Ислам Әбдірайымов пен Аида Әбікееваны “Құрмет” орденімен марапаттады. Бұл – қарағандылық спортқа берілген лайықты баға.

Аида Әбікеева бүгінде жас спортшыларға үлгі болып отыр. Оның табандылығы, еңбекқорлығы мен жеңіске деген жігері Қарағанды жастарын спортпен айналысуға жетелейтіні сөзсіз. Әлем чемпионы атану – кез келген спортшының арманы, ал қарағандылық қыз сол арманды шындыққа айналдырды.

Ералы ҒАНИ,

«QH»