Спорт – денсаулық кепілі

Спорт пен өмір жиі тоғысады, және мұның жарқын мысалы – гир спортынан әлем кубогының күміс жүлдегері атанған қарағандылық құтқарушының оқиғасы. Чемпионмен кездесіп, оның жетістікке жету жолы жайлы сұрадық. Құтқарушы өз дайындығы туралы және гир көтерудің өмірінде қалай көмектескені туралы айтып берді.

Роман Герасименко – гир спортынан әлем кубогының вице-чемпионы. Өзінің жақындары арасында ол сүйікті жар және әке, үлгілі отбасы адамы және құтқарушы ретінде танымал. Роман төтенше жағдайлар департаментінде өрт сөндіру көлігінің жүргізушісі болып жұмыс істейді. Ол спорт жолын 17 жасында бастаған және әлі күнге дейін өзін жетілдіруді жалғастыруда. Ер адамның айтуынша, құтқару қызметіндегі жұмыс оның дамуына ықпал етеді, себебі, бұл салада жұмыс істеу үшін жоғары физикалық дайындық қажет.

– Барлығы 17 жасымда басталды. Лицейде оқып жүргеннен бастап жаттықтым. Кейін әскерге шақырылып, ол жерде де бұл спорт өз көмегін берді. Ол кезде жас балалар үшін, студенттерге ақылы залға бару қиын. Ал көтеретін темірлер біздің спорт залымызда болды. Осылайша алғашқы баспалдақты маған дене шынықтыру мұғалімі қойып берді. Ол кезде 16 кг көтеріп жүрдім. Кейін әскерде 32 кг темірді көтеруден жарыстарға қатыстым,  –дейді әлем кубогының күміс жүлдегері Роман Герасименко.

Қазіргі таңда Роман бұл спортты өзінің жұмысымен біріктірген. Себебі, құтқарушы болу да үлкен күш-жігер мен физикалық дайындықты талап етеді. Оның түрлі жарыста өнер көрсетуін, басшылығы да, жаныңда жүрген әріптестері де қолдайды.

– Құтқарушының жұмысы оңай емес. Бұл сала әрдайым физикалық тұрғыдан мықты, төзімді, әр іске дайын болуынды талап етеді. Ал спорт осы қасиеттерді қалыптастырады. Менің осы спортпен айналысуымды басшылықта, әріптестерімде қолдайды. Кейбіреулері тіпті қызығып, менімен бірге дайындалып жатады, – дейді Роман Герасименко. – 15-18 қараша аралығында Қытайдың шығысындағы Хайнин қаласында гир спорты бойынша Әлем кубогында 85 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен спортшы күміс медаль жеңіп алды. Спортшының жаттықтырушысы Александр Комаровтың айтуынша, бұл спорт түрінде Қазақстан әлемдік аренада жиі жоғары нәтиже көрсетіп, көптеген елден озып келеді. Дегенмен, босаңсуға болмайды, себебі, басқа елдердегі дайындық та қарқынды дамып жатыр, – деп атап өтті жаттықтырушы.

– Менің ойымша, 32 жас деген шекті жас емес. Керісінше дәл осы кезде Роман жоғары дәрежеге қол жеткізе алады. 18 жылдан бастап оны дайындаймын. Сол кездің өзінде ол жақсы көрсеткіштер жасады. 2020 жылы спорт шебері атағын алды. 2021 жылы оның бірінші халықаралық жарысы болған еді. Сол әлем кубогында ол алтын медальға ие болды. Ал осы жылы Қытайда өткен жарыста күміс жүлдеге ие болды, – дейді Қарағанды облысының гир спорты бойынша аға жаттықтырушысы Александр Комаров.

Роман Герасименко көптеген жарыста топ жарып, биік шыңдарды бағындырды. Ол үшін ендігі мақсат 2025 жылы халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағына ие болып, артынан шәкірт тәрбиелеу.

– Менің ойымдағы орындалмаған арманның бірі халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын алу. 2025 жылға қойған мақсатым осы. Түрлі жарыстан топ жарып, кейін өз шәкірттерімді тәрбиелесем бе деген ниетім бар, – дейді Роман Герасименко.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,                                    

«QH»