Сoffee time – болашақ мамандар алаңы

Қарағанды тамақтандыру және сервис колледжінде жаңа форматтағы студенттік кеңістік – «Coffee time» бистросы ашылды. Бұл «Тамақтануды ұйымдастыру» мамандығында оқитын студенттер үшін демалып қана қоймай, кәсіби дағдыларын шыңдайтын жаңа орталық болмақ.

Колледж директоры Құралай Әбенова бұл бастаманың студенттердің тәжірибесін күшейтуге бағытталғанын атап өтті.

«Бүгін біз студенттік стартап – «Coffee time» бистросының ашылу рәсімін өткізіп отырмыз. Биыл ақпан айында алғашқы стартапымыз – «Нан time» наубайханасын іске қосқан едік. Онда студенттер түрлі нан өнімдерін пісіреді. Енді, міне, екінші стартап жобамызды қолданысқа беріп отырмыз», – деді ол.

Студенттік бистро заманауи интерьермен жабдықталып, жастардың шығармашылық кездесулер, шағын презентациялар мен шаралар өткізуіне мүмкіндік жасайды. Мәзірде авторлық сусындар мен балғын десерттер ұсынылады.

Ашылу салтанатына қатысқан Қарағанды облыстық білім басқармасының басшысы Дулат Жекебаев техникалық мамандықтарға деген сұраныс артып келе жатқанын айтты: «Біздің негізгі міндетіміз – жастарға сапалы білім беріп, оларды еңбек нарығына дайын маман ретінде шығару. Бүгінде өңірдегі талдау жұмыстары барлық бағыттар бойынша білікті кадрлардың қажет екенін көрсетіп отыр», – деді ол.

Жоба тәжірибеге негізделген білім беру бағдарламасының бір бөлігіне айналды. Бистроны ұйымдастыру мен қызмет көрсетуді толықтай студенттер жүзеге асырады, ал процесті оқытушылар мен өндірістік оқыту шеберлері қадағалайды.

Колледж басшылығы студенттердің кәсіпкерлік қабілетін дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр.

«Стартап жобамыздың негізгі мақсаты – студенттердің кәсіпкерлік және кәсіби дағдыларын дамыту. Егер түлек жалдамалы жұмыс істегісі келмесе, өз кәсібін ашып, жаңа жұмыс орындарын құра алатын маман болуы керек», – деп атап өтті колледж директоры.

Бұл бағыттағы алғашқы нәтижелер көріне бастады. Колледж түлегі Рәзия Әбдуәли биыл көктемде өз ауылында шағын наубайхана ашқан. Ал 3-курс студенті Бердібек Базыл да өз кәсібін бастауға мүмкіндік алған жас мамандардың бірі.

– Екі ай бұрын ағаларыммен бірге отбасылық дәмхана аштық. Қазір бас шеф-повар болып жұмыс істеймін. Авторлық тамақтарымды ұсынамын. Колледждің үш студентін жұмысқа алдым, олар менің қасымда еңбек етіп жүр, – дейді колледж студенті Бердібек Базыл.

Колледжде оқу процесіне арналған барлық жағдай жасалған: жалпы ауданы 1 000 шаршы метрден асатын төрт заманауи шеберхана, нан пісіру, кондитерлік, мейрамхана ісі және аспаздық бағыттар бойынша құзыреттілік орталықтары жұмыс істейді. Барлық зертхана «Жас маман» жобасы аясында жабдықталған.

Күні бүгін колледж серіктестерімен әлеуметтік әріптестік туралы меморандумға қол қойылды.

«Coffee time» – студенттер үшін жай ғана демалыс орны емес, кәсіпкерлікке алғашқы қадам жасайтын, тәжірибе жинақтайтын кәсіби алаң. Мұнда әрбір жас маманның идеясы нақты іске айналуға мүмкіндік алады.

Құралай КӨБЕНОВА,

«QH»