Әскери қызметшілер балаларды Жаңа жылмен құттықтады
Жаңа жыл қарсаңында Қарағанды гарнизонының әскери қызметшілері игі дәстүрге сай қамқорлыққа алынған мекемелерге барып, балаларға мерекелік көңіл-күй, жылулық пен ерекше қуаныш сыйлады.
Нұркен Әбдіров атындағы Қарағанды авиациялық базасының әскери қызметшілері 2018 жылдан бері «Әсем» балалар үйінің тәрбиеленушілеріне тұрақты түрде қамқорлық көрсетіп келеді. Биыл да бұл игі іс жалғасын тапты. Мереке қарсаңында балалар Аяз атаға хат жазып, өз армандарымен бөліссе, әскери қызметшілер сол тілектердің орындалуына қуана атсалысты.
– Сіздердің хаттарыңыз Аяз атаға жетті. Ол біз арқылы, ұшақтармен жолдап, сыйлықтарыңызды жіберді. Бүгін сол сыйлықтардың барлығын міндетті түрде аласыздар, – деді 50185 әскери бөлімінің әскери қызметшісі, майор Батырхан Бейсенбай.
Балалардың тілектері әртүрлі болды – спорттық жабдықтардан бастап электронды кітаптарға дейін. Ал көрсетілген қамқорлық пен ықыласқа жауап ретінде балалар үйінің тәрбиеленушілері қонақтарға арнап музыкалық өнерлерін ұсынып, түрлі аспапта шығармалар орындады. Бұл сәт қонақтардың шынайы ризашылығы мен қошеметіне бөленді. Мерекелік шаралар Теміртау қаласында да өтті. 55524 әскери бөлімінің әскери қызметшілері №8 мамандандырылған мектеп-интернатының оқушыларын Жаңа жылмен құттықтап, арнайы әзірленген мерекелік қойылым ұсынды.
– Біз жыл сайын балалар үшін ерекше әрі қызықты дүниелер ойлап табуға тырысамыз. Биылғы Жаңа жылда әскери қызметшілеріміз «Буратино» ертегісінің желісі бойынша сахналық көрініс қойды. Әрбір бала шынайы мерекелік көңіл күйді сезінсе, бұл біз үшін үлкен қуаныш, – деп атап өтті 55524 әскери бөлімінің командирінің орынбасары.
Осындай кездесулер Қарағанды гарнизонының әскери қызметшілерінің әлеуметтік жауапкершілігін айқын көрсететін игі дәстүрге айналып, балаларға ғажайыпқа сенім, қуаныш пен Жаңа жылдың жылуын сыйлаудың жарқын үлгісі болды.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»

