Әскери-тарихи диорамалардың бірегей көрмесі ашылды

Тәуелсіздік күні қарсаңында Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінде әскери қызметшілердің қолымен жасалған тарихи диорамалар көрмесі өз жұмысын бастады. Тағылымды экспозиция ел тарихындағы күрделі кезеңдерді көркем тілмен бейнелеп, тәуелсіздік жолындағы ерлік пен елдік рухты дәріптеуге арналған.

Көрме XVII ғасырдағы қазақ-жоңғар соғыстарынан бастап, қазіргі Қазақстан Қарулы Күштерінің қалыптасуы мен дамуына дейінгі тарихи кезеңдерді қамтиды. Әрбір диорама нақты оқиғаларға негізделіп, әскери тарихтың маңызды белестерін көз алдына әкеледі. Бұл – өткен мен бүгінді сабақтастырып, Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін терең сезінуге мүмкіндік беретін ерекше жоба.
Жобаның авторы – 44803 әскери бөлімінің дивизионы командирінің орынбасары, майор Рамазан Бахтияров. Оның айтуынша, әрбір диораманы жасауға екі айға жуық тынымсыз қол еңбегі жұмсалған. Мәселен, «Бородино шайқасы» атты туындыда шамамен 300 жауынгер мүсіні мен сонша жылқы бейнеленген. Сонымен қатар көрмеде Курск шайқасына, Ауғанстан мен Вьетнамдағы әскери қақтығыстарға арналған диорамалар да ұсынылған.
Экспозициядағы барлық мүсін қолдан боялып, жер бедерлері табиғи материалдардан жасалған. Әскери форма, қару-жарақ пен тактикалық орналасулар тарихи деректерге сай мұқият әзірленген. Бұл көрменің ғылыми-танымдық құндылығын арттыра түседі.
Көрме колледж студенттеріне арналған «Бейбітшілік – ел тілегі» атты музейлік сабақ аясында ұйымдастырылды. Шараның басты мақсаты – жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастырып, отансүйгіштік рухты күшейту. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай көрмелер Тәуелсіздік идеясының мәнін терең ұғындыруға, бейбіт өмірдің бағасын сезіндіруге ықпал етеді.
Майор Рамазан Бахтияровтың айтуынша, диорамаларды жасау идеясы әскери қызмет барысында жинақталған тәжірибе мен тарихқа деген жеке қызығушылығынан туған.
– Әрбір диорама – жай ғана көркем туынды емес, нақты тарихи кезеңнің рухын жеткізетін шағын әлем. Біз оны жасағанда деректерге, әскери форма мен қару-жарақтың дәлдігіне ерекше мән бердік. Себебі жастар тарихты кітаптан ғана емес, көзбен көріп, сезінуі керек. Осындай көрмелер арқылы олардың Отанға деген сүйіспеншілігін арттырып, өткенге құрметпен қарауға тәрбиелей аламыз. Тарихты сақтау – бейбіт болашақтың кепілі, – дейді майор Рамазан Бахтияров.
Тәуелсіздік күніне арналған бұл көрме ел тарихындағы ерлік пен бірліктің маңызын айқындап, жас буынға тағылым беретін маңызды мәдени-танымдық оқиғаға айналды.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»