Әскери көліктің әзірлігі қандай?
Қарағанды қаласының әскери лазаретінде «Автокөліктің қысқы мерзімге әзірлігі – апатсыз пайдаланудың кепілі!» айлығы аясында жиын өтті. Оған гарнизондағы әскери бөлімдер мен мекемелердің әскери көліктерге жауапты лауазымды тұлғалары және жүргізушілер қоғамының төрағалары қатысты.
Жауаптылармен болған кездесудің басты мақсаты – Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің әскери көлік қозғалысының қауіпсіздігі және әскерилер тарапынан болатын жол-көлік оқиғаларының санын азайтып, салдарын жеңілдету. Сонымен қатар Қарағанды гарнизонының әскери бөлімдері мен мекемелерінің жеке құрамын кәсіби дайындығы мен құқықтық сауаттылығын арттыру және жол қатерінің алдын алу.
Жиын барысында әскери көлік пайдалану жөніндегі нұсқаулық ететін бұйрықтардың талаптары және Қазақстан Республикасының Жол қозғалысы ережесінің негізгі талаптары, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөліміндегі және Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық кодексіне енгізілген өзгерістер басшылыққа алынды.
Аталған іс-шараға әскери прокуратура, Қарағанды қалалық ішкі істер басқармасының өкілдері қатысты. 2022 жылдың 9 айында Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің әскери қызметшілері мен қызметкерлері тарапынан орын алған жол-көлік оқиғаларының және Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің ақпараттық сервисі арқылы салыстыру барысында анықталған жеке көлік пен әскери қызметшілер көлігі тарапынан орын алған әкімшілік құқықбұзушылықтардың талдауы жеткізілді.
Жол қозғалысы ережелерін жиі бұзатын және ЖКО-ға қатысы бар әскери қызметшілер жөнінде әскери бөлімдердің автоәуесқойлар қоғамдары төрағаларының жұмыстары тыңдалды. Жеке құраммен жол-көлік оқиғаларының алдын алу іс-шараларын күнделікті толық көлемде өткізу, әскери бөлімдердегі техниканы дұрыс пайдалану, ұйымдастыру, тиісті тәртіпке келтіру бағытында іс-шаралар өткізу ұсынылды.
– Айлық барысында гарнизондағы әскери полиция қызметкерлері жиын өткізді. Шараның басты мақсаты – жол ережесін сақтамау салдары арқылы өз өміріне қандай қауіп төндіретінін жеке құрамға түсіндіру, – деп тоқталып өтті Қарағанды өңірлік гарнизоны Әскери полиция басқармасы Әскери автомобильдік полиция бөлімінің бастығы, майор Дүйсенғали Шайкенов.