Скандинавиялық жүріс – кеншілер қаласында жаңа үрдіс
Соңғы жылдары Қарағандыда скандинавиялық жүріс кеңінен қанат жайып келеді. Кеншілер қаласының қыз-келіншектері арнайы қауымдастық құрып, белсенді өмір салтын насихаттап жүр. Күнгей ауданының тұрғындары қарлы боранда да, нөсерлі жауын мен қақаған аязда да күн сайынғы 12 мың қадамды жүріп өтуге дағдыланған.
Мамандардың айтуынша, скандинавиялық жүріс кез келген жастағы адамға пайдалы: бұлшық еттің 90 пайызы жұмыс істеп, омыртқа мен буындарға түсетін күш 30 пайызға азаяды, жүрек-қан тамыр жүйесіне оң әсер етеді. Мысалы, қала тұрғыны Салтанат Шайхова туғанынан өкпе дертінен зардап шеккен. «Былтыр өкпе көлемім небәрі 47 пайыз еді. Күн сайын таңертеңгі серуенді әдетке айналдырғаннан кейін бұл көрсеткіш 67 пайызға артты. Дәрігерлердің өзі таңғалды», – дейді ол.
Қауымдастықтың негізін қалаған Қызжібек Қасымова да екі таяқпен жүрістен шипа тапқан. Алты баланың анасы әрі ерекше күтімді қажет ететін қызы бар Қызжібек бұл идеяны қызының оңалту орталығында жүргенде ойлап тауыпты. «Таңғы серуенді әдетке айналдырған жүзден аса әйел бар. Әуелде өзімнен басталған бастама қазір көптеген адамның өмірін өзгертті», – дейді ол.
Қазір бұл қозғалысқа еліміздің өзге қалаларынан да қыз-келіншектер қосылып жатыр. Ортақ чатта 130-дан астам адам бар. Топ мүшелері жаттығу орындарын алдын ала белгілеп, кейін сурет пен бейнежазбаны есеп ретінде бөліседі. Олардың тағы бір жақсы әдеті – серуен кезінде кездескен қоқысты жинап отыру. Осылайша, тек денсаулықты нығайтып қана қоймай, табиғатты да қорғауды ортақ құндылыққа айналдырған.
Қатысушылар таңғы төрт жарымда оянып, серуеннен кейін бірі жұмысқа, енді бірі бала-шағасын мектеп пен балабақшаға апаруға асығады. Белсенді тұрғындар өз қауымдастығына барша қала халқын шақырады.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»

