Шомылу маусымы

Қарағандыда шомылу маусымы басталды. Соған орай Әкімшілік полиция қызметкерлері Төтенше жағдайлар басқармасымен бірлесе демалыс орындарын аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Шараға Қарағанды қаласының жазғы демалыс орындарының басшылары жиналды. Әкімшілік полиция қызметкерлері, сондай-ақ Төтенше жағдайлар басқармасы демалыс орны иелеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қауіпсіздік ережелерімен және биылғы жазға бекітілген талаптармен таныстырды.

– Бүгінгі күні Қарағанды қаласы әкімдігімен және Төтенше жағдай басқармасымен біріге отырып кеңес өткіздік. Кеңеске демалыс орындарының басшылары қатысты. Оларға суға шомылу тәртібі айтылды. Келешекте жоспар құрылып, әр аптаның демалыс күндерінде жасақтар қойылып, жедел алдын алу жұмыстарын атқарып отырамыз, – деп атап өтті Қарағанды қаласы Жергілікті полиция бөлімінің бастығы Бағлан Жақанов.

Биыл Төтенше жағдайлар басқармасы тұрғындардың қауіпсіздігіне баса назар салып отыр. Алдыңғы жылы оқыс 2 оқиға тіркелген. Олар шомылуға тыйым салынған жерлерде орын алған. Төтенше жағдай басқармасы тек шомылуға рұқсат берілген жерлерде суға түсуге және ата-аналардың балаларын жалғыз қалдырмауын, жіті көңіл бөлуін сұрайды.

– Осы жазда Жергілікті полиция қызметкерлерімен бірлесе суқоймалар мен демалыс орындарына арнайы рейдтер жасалатын болады. Қазіргі таңда Қарағанды қаласында 22 орында шомылуға тыйым салынған. Ресми түрде Федеров суқоймасының тек 5 демалыс орнында ғана шомылуға рұқсат берілген, – дейді ТЖБ бастығы Бауыржан Хабдулин.

Сондай-ақ демалыс орындарында қауіпсіздік ережелерін сақтау үшін арнайы ескерту дыбысы қойылатын болады және Төтенше жағдайлар басқармасы жазғы маусымда қауіпсіздік ережелерін барынша қадағалау үшін дыбыс құрылғысы бар жаңа дрон қолданысқа берілгенін жеткізді.

– Төтенше жағдайлар департаментіне жақсы сападағы жаңа дрон қолданысқа берілді. Осы жазғы шомылу маусымында профилактикалық бағытта үлкен аумақты қамту үшін пайдаланатын боламыз. Барша тұрғынға дрон арқылы әуеден ескерту әркімге жеке түсіндіргеннен әлдеқайда ыңғайлы болмақ, – деп тоқталып өтті Бауыржан Хабдулин.

Қарағанды қаласының әкімдігі де тұрғындармен әр түрлі профилактикалық, түсіндірме жұмыстарын жасауда. Осыған ұқсас іс-шаралар кәмелеттік жасқа толмаған жастармен де арнайы жасалып жатқаны жеткізілді.

– Басты мақсат – барлығына елімізде бар қауіпсіздік тәртіптерін сақтау ережелерін түсіндіру, қандай да сұрақтар болса, соларға жауап беру. Сонымен қатар біздің ауданымыздың, қаламыздың аумағында кәмелеттік жасқа толмағандар жөніндегі комиссияның түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр, – дейді Қазыбек би ауданы әкімінің орынбасары Ринат Қаржасбаев.

Айдын ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ, «QH»