Шомылуға тыйым салынды

Қарағанды қаласы аумағындағы 22 су арнасына шомылуға тыйым салынды. Шомылу маусымы басталғалы, қаламызда суға түсуге рұқсат етілген 7 суайдын ғана тұрғындарға қауіпсіз. Қарағанды қалалық ТЖ басқармасының мамандары арнайы брифинг өткізіп, су мен өрт қаупі жайында сақтық шараларын еске салды.

Жаз маусымында табиғат аясына шығып өзен-көл арналарында демалғанды ұнатамыз. Бірақ суайдын шомылуға арнайы жасақталған ба? Ол жайына айтарлықтай мән бере қоймаймыз. Мәселен, құтқарушылар Қарағанды қаласы көлемінде тек 7 су арнасы аумағында ғана суға түсуге рұқсат етілгенін мәлімдеді. Бұл тоғандарда судың тереңдігі мен сапасы тексерілген. Шомылуға рұқсат етілген орындардың мекенжайы 2 ГИС қосымшасында көрсетілген. Сондықтан тұрғындар тоғандарға барарда осы жайтты ескерсе деген ұсыныс білдірген құтқарушылар қаламызда 22 суайдынның шомылуға қауіпті екенін айтып, ол тоғандарға түсуге ТЖ мамандары тарапынан тыйым салынғанын нақтылады.

Бұл маусымда ТЖБ мамандары, әкімшілік қызметкерлері мен полицейлер рейд жүргізді. Рейдтік шара барысында мамандар әдеттегідей суайдындар аумағында демалған жұртшылықпен тілдесіп, азаматтарға ескерту парақшалары таратылды. Шомылуға арнайы жасақталған жағажайларда құтқарушы жасақтардың 24 сағат қызмет көрсететіні, шомылу орындарын күзететіні де айтылды. Тұрғындар су қойнауында балаларының амандығына да баса назар аударуға тиіс екенін қаперге салды мамандар.

– Суға түсуге тыйым салынғаны арнайы белгімен көрсетілген орындарға шомылған тұрғындарға алдымен ескерту, одан кейін жеке тұлғаға 2 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Сондықтан тұрғындар шомылуға арнайы жасақталып жабдықталған, құтқарушылары бар жағажайларға ғана барып сейіл құрса. Жаздыгүні табиғат аясында өрттен туындар қауіп-қатер де аз емес. Әсіресе орманды алқапта от жағып алау тұтату айтарлықтай қауіпті, – деп атап өтті Қарағанды қалалық ТЖБ-ның бас маманы Асхат Қосылбеков.

Құтқарушылар өрт қаупі ушығып тұрған қазіргідей маусымда ТЖ мамандары, полиция өкілдері және орманшылармен бірге орманды алқаптарда, саяжай аумақтарында әр апта сайын рейд жүргізетіндерін айтты. Ескерерлігі – орманды алқапта от жағуға мүлде тыйым салынған. Жаздыгүні алау – кеуіп тұрған жасыл желекті жойқын етер тілсіз жау. Қаламызда арнайы белгіленген орманды алқапта от жағуға бекітілген қауіпсіз жерлер бар, сол орындарда ғана алаңсыз демалуға болады. Жалпы, үйде де, түзде де өрт қауіпсіздігі ережелерін ұстанудың алаудан болар алапаттың, қасіреттің алдын алары сөзсіз.

Айдын ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ, «QH»