Шолпан-Атада Орталық Азия елдерінің cыртқы істер министрлері кездесті
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Орталық Азия мемлекеттері Сыртқы істер министрлерінің кеңесіне қатысты. Іс-шараға Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан СІМ басшылары мен Түрікменстанның Қырғызстандағы елшісі қатысты.
Қатысушылар ағымдағы жылғы 21 шілдеде Шолпан-Ата қаласында өтетін Орталық Азия мемлекеттері басшыларының алдағы төртінші Консультативтік кездесуіне дайындық барысын талқылады. СІМ басшылары саммиттің күн тәртібі мен қорытынды құжаттарының жобаларын жан-жақты қарастырды. Сондай-ақ, сауда-экономикалық, көлік, гуманитарлық салалардағы өңірлік өзара іс-қимылды одан әрі нығайтудың жай-күйі мен перспективалары және өңірлік қауіпсіздік мәселелері талқыланды.
ҚР Сыртқы істер министрі М.Тілеуберді өз сөзінде Орталық Азия елдерінің мемлекетаралық өзара іс-қимылы соңғы жылдары сапалы жаңа деңгейге көтерілгенін және бесжақты қатынастарда серпіліс жасалғанын атап өтті. «Қазақстан Орталық Азияның тұрақты дамуына, өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға одан әрі үлес қосуға ниетті», — деді ҚР СІМ басшысы.
Кездесуге қатысушылар қырғыз тарапына іс-шараны сапалы ұйымдастырғаны және Қырғызстанның өңірлік интеграцияны одан әрі дамытуға бағытталған күш-жігері үшін алғыс білдірді.
Орталық Азия мемлекеттері басшыларының бірінші Консультативтік кездесуі 2018 жылғы наурызда Нұр-Сұлтан қаласында (Қазақстан), екіншісі — 2019 жылғы қарашада Ташкент қаласында (Өзбекстан), үшіншісі — 2021 жылғы тамызда Түрікменбашы қаласында (Түрікменстан) өтті.