Үшеуіне ортақ көзқарас: Қарағандыдағы ерекше көрме
Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінде ерекше өнер көрмесі ашылды. Бұл көрме үш бірегей суретшінің шығармашылығын біріктіріп, олардың өнердегі өзіндік көзқарастарын ұсынды. Экспозиция көрермендерге супрематикалық графикалық жұмыстардан бастап, метафоралық романтизм мен экспрессионистік туындыларға дейін әртүрлі бағыттағы шығармаларды тамашалауға мүмкіндік берді.
Көрме қатысушылары – Владимир Троценко, Любовь Гуменюк және Петр Ломакин. Олардың әрқайсысы жеке стилі мен көзқарасымен ерекшеленеді. Троценко – импульсивті және эмоционалды экстраверт, ол экспрессионистік бағыттағы жарқын әрі динамикалық картиналарымен танымал. Гуменюк – құрылымды, қатаң логикаға негізделген жұмыстарды ұсынатын интроверт, ол көрмеде өз стилінен алыстап, абстрактілі композициялар арқылы жаңа тәжірибе жинауға тырысты. Ал Ломакин – метафора тілімен сөйлейтін романтик, оның шығармалары терең философиялық мәнге ие.
Любовь Гуменюк бұл көрмені өзіндік көркемдік сынақ ретінде қабылдады. Ол үшін абстрактілі бағытта жұмыс істеу – жаңа ізденіс пен шығармашылық шекараларды кеңейтудің мүмкіндігі болды. Оның графикалық жұмыстары философиялық және экологиялық мәселелерге негізделген, адам мен табиғаттың өзара байланысын зерттеуге арналған.
Көрменің ұйымдастырушысы Владимир Троценко мұндай үш түрлі стильдегі суретшілердің бір кеңістікте біріккенін ерекше құбылыс деп бағалайды. Оның пікірінше, осы қарама-қайшылықтардың үйлесімі көрменің мәнін айқындай түседі. Бұл шығармашылық кездесу тек қана өнер туындыларын көрсету емес, сонымен қатар өмір мен өнер арасындағы байланыстарды зерттеуге, өнердегі еркіндік пен мағынаны іздеуге шақырады.
Экспозиция көрермендерге әр автордың ішкі әлемін сезінуге мүмкіндік береді. Қарама-қайшылықтардың тоғысуынан туған ерекше көріністер өнерсүйер қауымды жаңа ойлар мен сезімдерге жетелейді. Көрме 16 наурызға дейін жалғасады.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»