Шет ауданының командасы Ұлттық спорт түрлерінен облыстық фестивальдің жеңімпазы атанды

Шет ауданының Ақсу-Аюлы ауылында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында ұлттық спорт түрлерінен облыстық фестиваль өтті. Оған облыстағы жеті аудан мен бір қаладан 300-ге жуық спортшы қатысты.

Фестиваль ұлттық спорттың 10 түрінен өтті: көкпар, аударыспақ, қазақ күресі, теңге ілу, асық ату, бес асық, тоғызқұмалақ, дәстүрлі садақ ату, жамбы ату және топ бәйге (15 км).

Дене шынықтыру және спорт басқармасының хабарлауынша, фестивальдің мақсаты – облыс тұрғындары арасында ұлттық спорт түрлері мен мәдени құндылықтарды дамыту және насихаттау.

– Биыл қыркүйек айында Қазақстан Президентінің бастамасымен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтетіні белгілі. Бұл әлемдік жұртшылыққа көшпенділердің даналығы мен дәстүрін, мәдениеті мен өнерін көрсететін халықаралық деңгейдегі маңызды мереке. Біздің ауданда ұлттық спорт түрлерінің фестивалі үшінші рет өтуде. Мұндай жарыстар көп адам үшін спорттық мансаптың табысты бастауы болатыны сөзсіз, – деді Шет ауданының әкімі Мұхит Мұхтаров фестивальдің ашылу салтанатында.

Көкпарға жеті ауданнан – Бұқар жырау, Осакаров, Шет, Қарқаралы, Абай, Нұра және Ақтоғай командалары қатысты.

Жанел Біржан – Осакаров ауданының «Сарыбел» командасының ойыншысы, бес жылдан бері ат үстінде.

– Біздің команда бес жыл бұрын құрылды. Құрамымызда Осакаров ауданының ең мықты ауылдарынан іріктелген 12 ойыншы бар. Жаттықтырушымыз – Ербол Елешов. Бұл фестивальге қатысқанымызға қуаныштымыз. Қарсыластарымыз да әлсіз емес, ең мықтылары – Шет және Нұра аудандары, – деп атап өтті Жанел Біржан.

Қазақ күресінде бес ауданнан 40 спортшы өз шеберлігін көрсетті.

– Бұл Осакаров, Шет, Бұқар жырау, Қарқаралы және Ақтоғай аудандары. Жарыс сегіз салмақ дәрежесінде өткізілді: 55, 60, 66, 74, 82, 90, 100 және одан жоғары. Әр аудан ең мықты балуандарды әкелген, – дейді фестивальдің бас төрешісі және Шет ауданының қазақ күресі бойынша аға жаттықтырушысы Баубек Орынбай.

Назым Нүкүшева 18 жаста. Жарысқа Бұқар жырау ауданынан келген. Бес жылдан бері бес асықпен айналысады.

– Алғаш рет мектепте мұғалім ойнауға кеңес берді. Алғаш рет жеңіске жеткеннен кейін бейімім барын байқап қызығушылығым артты. Фестивальде Қарқаралы ауданының спортшыларымен ойнап, жеңіске жеттім. Алда әлі ойындар бар. Бес асық ептілік пен қол күшін талап етеді, – дейді ол.

Екі күнге жалғасқан Ұлттық спорт түрлерінен облыстық фестивальдің қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте Шет ауданының командасы жеңіске жетті. Бұқар жырау ауданының командасы екінші, Ақтоғай ауданының командасы үшінші орынға ие болды.

– Көкпарға жүректі, мықты жігіттер керек сонысымен қиын болады. Аудан бойынша арнайы жасақтап, біздерді іріктеп алды, жиындар өткізіп тұрамыз, айлап дайындаламыз. Ат баптайтын адамдар да бар, мал дәрігерлеріміз де бар. Бәрі мықты командалар, тартысты ойын болды, соңында біз үшінші орынды жеңіп алдық, – деді «Ақсу Аюлы» командасының ойыншысы Мадияр Төлеген.

Фестиваль жеңімпаздарына кубоктар, дипломдар, медальдар мен сертификаттар табысталды.

Естеріңізге сала кетейік, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 8-15 қыркүйек аралығында Астанада өтеді.

Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ, «QH»