Шекарасыз сезім: Қарағанды сахнасында «Махаббат мекені» көрерменге жол тартты
Қарағанды облыстық Сәкен Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма театрында жаңа қойылым – «Махаббат мекені» спектаклінің тұсаукесері өтті. Француз драматургі Жан-Мари Шевренің әлемге танымал «Скват» пьесасы негізінде сахналанған туынды бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселелерді көркем тілмен жеткізе білді.
Қойылым атауының өзі көп мағынаны меңзейді. «Squat» ұғымы – иесіз тұрғын үйге рұқсатсыз қоныстану дегенді білдіреді. Спектакль желісі де дәл осы жағдайдан бастау алады. Басты кейіпкерлер – араб жігіті мен поляк қызы. Тағдыр тәлкегімен бөтен елге келген екі жас баспана таба алмай, бос тұрған үйге жасырын орналасады. Алайда уақыт өте келе үй иелерімен бетпе-бет келіп, қарапайым тұрмыстық жағдай күрделі әлеуметтік әрі психологиялық қақтығысқа ұласады.
Қойылым барысында кейіпкерлер арасындағы текетірес біртіндеп терең диалогқа, өзара түсіністікке жол ашады. Әртүрлі мәдениет пен көзқарас иелерінің бір-бірін қабылдауы, адамгершілік құндылықтардың алдыңғы орынға шығуы спектакльдің негізгі өзегіне айналған.
Қойылым режиссері Әлімбек Оразбеков бұл туындының мән-маңызына ерекше тоқталды.
– Бұл шығарма ең алдымен адамгершілік құндылықтарды дәріптейді. Кейіпкерлердің ішкі өзгерісі, бір-бірін түсінуге ұмтылысы – қоғамдағы төзімсіздік, нәсілшілдік сияқты кедергілердің жойылуына жол ашатынын көрсетеді. Бұл жұмыс мен үшін де ерекше. Себебі мен дәл осы театрда режиссёр ретінде қалыптастым. Қазір мұнда дарынды жас труппа қалыптасып отырғанына қуаныштымын, – деді режиссер.
Айта кету керек, «Скват» пьесасы халықаралық деңгейде жоғары бағаланған. 2000 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының сыйлығына ие болып, бірнеше тілге аударылған. Ал 2001 жылы беделді «Мольер» театр сыйлығына «Үздік комедия» аталымы бойынша ұсынылған.
Сахнада театр әртістері Дина Заитова, Динара Айғазинова, Бибігүл Жағыпарова, Фарух Бегалы, Дарын Жандосұлы және Айғаным Айтпаева көрермен ықыласына бөленді. Олардың шынайы ойыны қойылымның мазмұнын тереңдете түсіп, көрерменді ойға жетеледі.
Премьерадан кейін көрермендердің де пікірі бір арнада тоғысты. Қарағандылық Айгүл Омарбекова спектакльдің әсерімен бөлісіп:
– Бұл пьеса жазылғанына біраз уақыт өтсе де, өзектілігін жоғалтпаған. Қойылым мейірім мен махаббатты, ең бастысы – қандай жағдайда да адамдық қасиетті сақтауды насихаттайды, – деді.
Сонымен қатар театр ұжымы алдағы жоспарларымен де бөлісті. Театрдың режиссёры әрі көркемдік жетекшісі Айдын Салбанов көрермендерді жаңа қойылымға шақырды.
– 4-5 сәуір күндері «Пай-пай, жас жұбайлар-ай» спектаклін ұсынамыз. Бұл қойылымда отбасылық құндылықтар, заманауи қарым-қатынас және әлеуметтік желілердің жас отбасы өміріне әсері көрініс табады. Қойылым бұрын сахналанғанымен, бүгінгі күні де өзекті тақырыптарды қозғайды, – деді ол.
Жалпы, «Махаббат мекені» – тек екі жастың тағдыры емес, қоғамдағы түсіністік, төзімділік пен адамгершілік туралы терең ой қозғайтын қойылым. Қарағанды сахнасындағы бұл жаңа туынды көрерменді бейжай қалдырмай, жүрекке жететін әсер сыйлайтыны анық.
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»

