Шегірткеге қарсы күрес
Қарағанды облысында көктемгі дала жұмыстарының бел ортасында ауыл шаруашылығы өнімін зиянкестерден қорғау шаралары да қызу қарқынмен жүріп жатыр. Атап айтқанда, үйірлі шегірткеге, оның ішінде итальяндық прусқа қарсы жоспарлы күрес науқаны жалғасуда. Бұл бағыттағы жұмыс барлық деңгейде үйлестіріліп, алдын ала жасалған болжам мен нақты деректерге сүйене отырып жүргізіліп келеді.
Облыстық деңгейдегі арнайы штаб ұйымдастырушы әрі үйлестіруші рөлін атқарса, аудандарда дәл осындай штабтар құрылып, күнделікті ахуалды бақылауда ұстап отыр. Айталық, Ақтоғай ауданында жүргізілген жедел шаралардың арқасында зиянкестің ошағы дер кезінде анықталып, оқшауланды. Бұл – фитосанитариялық қауіпсіздікке уақытылы жасалған қадам.
Ауылшаруашылығы алқаптарын толық қамту мақсатында көктемгі зерттеу жұмыстары кең көлемде қолға алынған. Бұл бағыттағы мониторингтік шаралар дернәсілдер мен зиянкестердің таралуын ерте кезеңде анықтап, шұғыл әрекет етуге мүмкіндік береді. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Жасұлан Ешмұхановтың айтуынша, шегіртке саны бір шаршы метрге үш данаға жеткен жағдайда, бұл жер химиялық өңдеуге жатады.
– Егер зиянкестердің дернәсілдері табылса, мамандар дереу тиісті өңдеу шараларын бастайды. Жұмыстың тиімділігі – жедел әрекет пен дәл есепке байланысты. Біздің зерттеуші топ күзде және көктемде зерттеу жүргізіп, алдын ала болжам жасаған болатын, – дейді Жасұлан Ешмұханов.
Биыл облыс бойынша 59,3 мың гектар жерді шегірткеге қарсы өңдеу жоспарланған. Бүгінгі таңда Қарқаралы, Шет, Бұқар жырау және Ақтоғай аудандарында 14,3 мың гектардан астам жер химиялық өңдеуден өтті. Бұл жұмысқа 136 маман тартылған. Жер үстіндегі 9 техника, 1 аса жеңіл ұшақ, дельтаплан мен 4 агродрон іске қосылып отыр. Әуеден де, жерден де жүргізілетін бұл жұмыстардың тиімділігі жоғары, әсіресе дрондар қол жетпейтін жерлерге жетіп, өңдеуді дәл әрі ұқыпты жүргізуге мүмкіндік береді.
– Аса жеңіл ұшақ бір ұшқанда шамамен 500 гектар жерді өңдей алады. Бұл – уақытты үнемдеп, зиянкестердің таралу аймағын шектеуде таптырмас құрал. Қолда бар техника мен химиялық препараттар жеткілікті. Ауа райы қолайлы болса, шілде айына дейін барлық егіс алқаптарын өңдеуді толық аяқтаймыз, – дейді Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сырым Бошпанов.
Шегірткеге қарсы қолданылып жатқан химиялық препараттар ауыл шаруашылығы дақылдарына зиян келтірмейтін, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз әрі тиімді дәрілер болып табылады. Бұл өңдеулер тек зиянкестерді жоюға бағытталған, ауыл шаруашылығы өнімдеріне, топырақ пен су ресурстарына кері әсер етпейді.
29 мамырдан бастап аймақта әдеттегі емес шегірткелерге қарсы өңдеу жұмыстары басталып кетті. Бұл мақсатқа қажетті қаражат облыстық бюджеттен толықтай қарастырылған. Жауапты мекемелер мен әкімдік бірлесіп жұмыс істеп, шаруалармен тікелей байланыс орнатып, нақты ақпараттар жинауда. Өңдеушілерге қажетті координаттар мен деректер дер кезінде жеткізіліп жатыр.
Аймақта шекаралас облыстармен бірге шегірткеге қарсы күресте тығыз ынтымақтастық орнаған. Ортақ шекара маңындағы алқаптар бірлесіп зерттеліп, қауіпті ошақтар анықталған жағдайда бірлескен өңдеулер жүргізіледі. Бұл зиянкестердің бір өңірден екінші өңірге өтіп кетуінің алдын алуға мүмкіндік береді.
Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығының облыстық филиалының директоры Қайрат Мұхамеджановтың айтуынша, шегіртке дернәсілдерінің биылғы көбеюіне қыстың жылы әрі жұмсақ болуы тікелей әсер еткен.
– Жағдай әзірге тұрақты. Біз күн сайын мониторинг жүргізіп, шоғырланған жерлерді анықтап отырмыз. Бұл – өте күрделі әрі мұқият болуды талап ететін жұмыс. Дегенмен барлық мүдделі тараптардың ортақ еңбегі мен үйлесімді жұмысы арқасында зиянкестің кең таралуына жол берілмейді деп сенеміз, – дейді Қайрат Мұхамеджанов.
Қарағанды облысында шегірткеге қарсы күрес – тек аграрлық сала емес, жалпы аймақтың азық-түлік қауіпсіздігі мен әлеуметтік тұрақтылығына тікелей әсер ететін маңызды бағыт. Заманауи технологияны пайдалану, кәсіби мамандар мен техниканың жұмылдырылуы, үйлестірілген іс-қимыл мен өзара ынтымақтастықтың нәтижесінде облыстағы жағдай тұрақты бақылауда. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі жалғасын табады деп күтілуде.
Ералы ҒАНИ,
«QH»