Шахтинск квартеті

Облыстық бейнелеу өнері мұражайында «Шахтинск квартеті» көрмесі ұйымдастырылды. Көрменің артықшылығы талантты төрт суретші бір көрме залында өз өнерлерін ортаға салып, тамаша туындылардан ерекше әсер сыйлады.

«Шахтинск квартеті» атауымен айшықталған көрме – Шахтиснк қаласы суретшілерінің топтық көрмесі десе болады. Көрмеде жас суретшілер Жаңабек Жұмабеков, Елена Нивиденская, Ерсін Темірғалиев пен Наталья Сайгушеваның жалпы саны 50-ден астам еңбектері қойылған. Айта кетейік, көрмеге еңбектерін ұсынған төрт суретші де бұл күнде Шахтинск қаласындағы Әубәкір Исмайлов атындағы балалар көркем өнер мектебінде педагог қызметінде. Суретші Ерсін Темірғалиев қаламыздағы тарихи көркем ескерткіштерді жалпы 3 картинасын майлы бояу техникасымен ұсынған.

– Мен бұл көрмеде қолданбалы өнер бағытындағы шығармаларымды қойып отырмын. Жүнді қолдана отырып картиналарымды сол бағыттағы техникамен жасаймын. Өз картиналарымда итальяндық боялған жүн және отандық жүн өнімдерін қолданамын. Шабыт келгенде әртүрлі образ жасаймын. Бұл техникамен жұмыс жасағаныма 7 жылдан астам уақыт болды, – дейді көрме авторларының бірі, суретші Елена Нивиденская.

Қарағандының көрнекі ескерткіші, әсем көріністерін сурет арқылы кескіндеуге әуес Ерсін Темірғалиев Қарағанды жайындағы осы бағыттағы суреттерімен сериямен топтастырмақ ниетте. Суретшілер көрерменге көз тартар, жанды туындылар сыйламас бұрын өздері сол көріністі аңғарып, көре біліп, шабыт алып шығармасын дүниеге әкеледі. Облыстық бейнелеу өнері мұражайында ашылған «Шахтинск квартеті» көрмесінің артықшылығы да сол, мұнда әртүрлі техникамен жасалған туындылар қойылғандықтан, олардың көрінісі де сан алуан. Сол еңбектерге қарап Шахтинскінің төрт суретшісі сурет өнерінің түрлі тәсілін еркін меңгеріп ерекше қалыпта өнер өрнектейтін қылқалам шеберлері екенін аңғарасыз.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,                                     

«QH»