Шахтер жеңіске жетті
Шахтер Бірінші лиганың алғашқы турын жеңіспен бастады. Түркістан футбол клубымен қонақта өткен ойында 1:2 есебімен жеңіс жерлестерге бұйырды. Осылайша үш ұпай иеленіп маусымды сәтті бастады.

Өкінішке қарай жерлестеріміз былтыр «Премьер-Лигадан» тарихында алғаш рет шығып қалған қалған болатын. Бірақ, осы маусымда сәтті өнер көрсетіп бастапқы 2 орында тұрақтаса, қайтадан Премьер лигаға толықтай шығуға мүмкіндік бар.
Биыл Шахтер сапында ауысымдар көп орнап, құрам жас ойыншыларға толып команда сапасын біршама күшейтті. Команданың бас бапкері болып Андрей Финонченко тағайындалды.
Түркістан футбол клубының алаңында өткен ойында жерлестеріміз 3 ұпайды қанжығасына байлады. Ойынның 20 минутында Диас Қалыбаев есеп ашып Шахтер командасын алға шығарды. Футбол әлемінде 1:0 деген есеп сусымалы, қорқынышты деп танылады. Себебі, қарсылас кез келген қателігіңнен есепті теңестіріп кетуі және сол арынын жоғалтпаса еселеп алға шығып кетуі ғажап емес. Дәл сол сияқты ойынның 36 минутында Түркістан футбол клубының 21 жастағы Али Оғлы есімді шабуылшысы есепті теңестіріп командасына сенімділік сыйлады. Бірінші тайм 1:1, яғни тең есеппен аяқталды. Екінші тайм басталысымен екі команда да футболшыларын ауыстырып тактикаларын күшейтуге тырысты. Терезесі тең өтіп жатқан ойынның соңғы жағында, нақтырақ 83 минутында жерлестеріміз сапынан қорғаушы Олжас Керімжанов 1:2 есебімен Шахтерды алға шығарып жеңіс голын салды.
Келесі қарсылас 18 сәуір күні Шахтер аренада SD Family клубымен болмақ. Турнир кестесінде ұпайымыз бірдей.
Жеңіске бірге жетейік, жерлестер!
Ералы ҒАНИ,
«QH»