«Шахтер» клубының жаңа тарихы
Қарағандының «Шахтер» футбол клубы жекеменшікке өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылған жекешелендіру рәсімі толық аяқталды. Бұл шешім клубты басқарудың жаңа моделіне көшуге, сондай-ақ кәсіби футболды дамытуда заманауи тәсілдерді енгізуге жол ашады. Клубтың алдағы даму стратегиясы мен өңірде жаңа спорттық экожүйе қалыптастыру жоспарлары Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев пен Freedom Holding Corp. компаниясының бас атқарушы директоры Тимур Турловтың қатысуымен өткен ресми кездесуде таныстырылды. Кездесу қорытындысында кәсіби футболды дамыту жөніндегі меморандумға қол қойылды.
Өңір басшысы жекешелендіру – футбол саласындағы басқару философиясын түбегейлі өзгертудің маңызды қадамы екенін атап өтті.
– Бүгін біз клубты жаңа инвесторға беру туралы келісімге қол қойып отырмыз. Мемлекет басшысының футбол клубтарын жекешелендіру жөніндегі тапсырмасын орындай отырып, біз спортты басқару философиясын түбегейлі өзгеріп ашықтыққа, жауапкершілікке және тұрақты дамуға бет бұрдық. Жаңа акционер заманауи басқару тәсілдерін енгізіп, тәуекелдерді азайтып, адал бәсекелестік үшін әділ жағдай қалыптастырады деп сенемін. Қуатты инфрақұрылым, тәуекелдерді объективті бағалау және ашық басқару моделі Қарағанды футболының тарихында жаңа парақ ашуға мүмкіндік береді. Freedom холдингіне және Тимур Турловқа сенім мен конструктивті әріптестік үшін алғысымды білдіремін, – облыс басшысы деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Сонымен қатар облыс әкімі өңірде футболға деген қызығушылықтың жылдан-жылға артып келе жатқанын жеткізді. Қазіргі уақытта Қарағанды облысында футболмен шамамен 41 мың адам жүйелі түрде айналысады. Олардың 9 мыңға жуығы ауылдық елді мекендерде тұрады. Бұл – бұқаралық спортты дамыту бағытындағы жұмыстардың нәтижесі екенін көрсетеді.
Өз кезегінде Freedom Holding Corp. компаниясының бас атқарушы директоры Тимур Турлов клубтың алдағы тағдыры үшін толық жауапкершілікті өз мойындарына алатынын мәлімдеді.
– Біз клуб үшін толық жауапкершілікті өз мойнымызға аламыз және әкімдік тарапы әріптестік орнатып, қолдау көрсетіп, қолайлы жұмыс жағдайын қамтамасыз еткені үшін ризашылығымызды білдіреміз. Толық жауапкершілікті өз мойнымызға алудың басты себебі – Қарағанды облысы мен тарихы зор клубтың әлеуетіне деген сеніміміз. Біз аңызға айналған клубты жаңғыртып, оның қызметін қайта жандандырамыз және жаңа жеңістерге жеткізуге бар күшімізді саламыз, соның ішінде еурокубоктық додаларда да. Қазір клуб айналасында қалыптасып жатқан команда бүкіл қазақстандықтар мақтан ететін нәтижеге қол жеткізетініне сенемін. 2026 жылы ауқымды жұмыс күтіп тұр, – деді Тимур Турлов.
Оның айтуынша, клубты дамыту стратегиясының негізгі өзегі – селекциялық жұмысты күшейту және жергілікті жас әрі талантты футболшылар пулын қалыптастыру. Сонымен қатар озық цифрлық технологияларды пайдалана отырып, ойыншылардың дайындығы мен матчтарды талдауға арналған заманауи аналитикалық бөлім құру көзделіп отыр.
Айта кетейік, Тимур Турлов биылғы тамыз айынан бастап Қарағанды облыстық футбол қауымдастығын (QOFA) басқарып келеді. Бұған дейін қол қойылған алғашқы меморандум балалар мен жасөспірімдер футболын дамытудың жүйелі моделін қалыптастыруға бағытталған. Аталған бағытқа жалпы көлемі 6,5 млрд теңге бөлінген.
Қазіргі таңда өңірде бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, ALGA! мектеп жобасы іске қосылып, әртүрлі жас санатындағы балаларға арналған футбол сабақтары мен секциялары ашылды. Сонымен қатар футбол академиясының құрылысы басталды. Жоба аясында UEFA-4 санатындағы стадион, жабық манеж, толық өлшемді жаттығу алаңы, олимпиадалық резервтегі мектеп-интернат және өзге де заманауи инфрақұрылымдық нысандар салу жоспарланған.
Бұл бастамалар Қарағанды футболының дамуына жаңа серпін беріп, өңірден кәсіби деңгейдегі жаңа ойыншылардың шығуына мүмкіндік жасамақ.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

