«Шахтер» кезекті 3 ұпайына қол жеткізді
Қарағандылық «Шахтер» өз алаңында батыстан келген «Ақтөбе-2» командасын қабылдап, жанкүйерлеріне қуаныш сыйлады. Тартысты өткен кездесуде алаң иелері 3:1 есебімен жеңіске жетті.
Төрешінің алғашқы ысқырығы естіле сала жерлестеріміз допты өз бақылауына алып, сенімді әрі белсенді ойын өрнегін көрсете бастады. Алғашқы таймда бірнеше гол соғатын мүмкіндік болғанымен, есеп тек 22-минутта ашылды. «Шахтер» сапындағы Юрий Перцух тамаша ойын көрсетіп, командасын алға шығарды. Осылайша алғашқы тайм 1:0 есебімен аяқталды.
Үзілісте бапкерлерден қажетті нұсқаулар алған «Шахтер» ойыншылары екінші таймға тың серпінмен шықты. Команданың үздік сұрмергені Диас Қалыбаев 51-минутта мергендігін тағы бір дәлелдеп, есепті 2:0-ге жеткізді. Алайда «Ақтөбе-2» де қарап қалмады. Үш минуттан кейін 19 жастағы жартылай қорғаушы Дәулет Мұратов таразы басын қысқартып, есепті 2:1-ге өзгертті.
Бұл голдан кейін қарағандылықтар ойын тізгінін қайта қолға алып, қысымды арттырды. Нәтижесінде 59-минутта тағы да Диас Қалыбаев мергендігімен көзге түсіп, дубль авторы атанды – 3:1.
Кездесудің соңғы минуттарында бапкерлік штаб жас ойыншыларға мүмкіндік беріп, тәжірибе жинауына жағдай жасады. Ойын осы есеппен аяқталып, «Шахтер» кезекті жеңісіне қол жеткізді.
Қазіргі уақытта қарағандылықтар 6 ойынның нәтижесінде 14 ұпай жинап, турнирлік кестеде екінші орында тұр. Келесі матч сырт алаңда алматылық «Қайрат-2» командасына қарсы өтеді. Жерлестерімізге сәттілік тілейміз және бірге жанкүйер болайық!
Ералы ҒАНИ,
«QH»