Шахта слесарі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Костенко атындағы шахтаның жерасты учаскесінің электр слесарі Айбар Қосановты ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапаттады.
«Мемлекет басшысының Жарлығымен жанқиярлық және жемісті еңбегі үшін ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен «Qarmet» акционерлік қоғамының Костенко атындағы шахтаның жерасты учаскесінің электрослесарі Қосанов Айбар Бекболатұлы марапатталды», – делінген Ақорданың ресми хабарламасында.
Еске сала кетейік, 2 мамыр күні кешке Костенко атындағы шахтадағы К3 қабатының 4-конвейерлік штрегінде түтін шыққан. Азаматтарды құтқаруға кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметінің 6 бөлімшесі жұмылдырылған. Ал конвейерлік трасса учаскесінің электр дәнекерлеушісі Айбар Қосанов апаттың алдын алған. Сонымен қатар шахтаның басқару бөлмесінде түтін туралы ескерту жүйесі іске қосылды.
Түтін себебі жойылғанына қарамастан, эвакуация жоспарын енгізу және 194 кеншіні жер бетіне шығару жөнінде шешім қабылданды. Барлық жедел қызмет пен шахта қызметкерлері жедел және кәсіби түрде жұмыс істеді.
Түтіннің алдын ала себебі – төменгі кенептің ролигіне бөгде заттың түсуі, содан кейін роликтің жұмысы бұғатталып қалған. Содан конвейер таспасы түтіндей бастаған.
Шахтадағы үлкен апаттың алдын алған электр слесаріне марапатты облыс әкімі Ермағамбет Бөлекбаев табыстады.
– Қауіп-қатерге қарамай 800 метр тереңдіктегі ақауды жөндеген Айбар Қосанов апаттың алдын алды. Егер 10-15 минут кешіккенде өрт шығатыны анық еді, – дейді ол.
– Өшіру керек болды. Барған кезде түтін болып жатты. Екі өртсөндіргішті алып дереу сөндіруге кірістім. Отты өшіріп кейін қайттым, – дейді Айбар Қосанов.
Құралай КӨБЕНОВА,«QH»