Шахматтан екі санатта әлем чемпионы

Тірек-қимылы мен көру қабілеті зақымдалған спортшылар арасында шахматтан 23-ші жеке әлем чемпионаты өтті. Қарағандылық Әлімжан Аяпов бірден екі санатта – ересектер мен жасөспірімдерде (20 жас және одан кіші) жеңіске жетті.

Біріншілік Арменияда, Гюмри қаласының тарихи орнында – XIX ғасырдың ортасында салынған қара бекіністе өтті. Оған әртүрлі елден, 13 шахмат федерациясының атынан 52 спортшы қатысты.

Қазақстан құрамасы атынан спорт шебері Әлімжан Аяпов өнер көрсетті. Ол тоғыз ұпайдан жеті ұпай жинады (алты жеңіс, екі тең ойын және бір жеңіліс).

– Әлімжан екі алтын медальмен марапатталды. Бұл Қазақстанның шахмат тарихындағы параспортшылар арасындағы осындай деңгейдегі алғашқы жетістік, – деп атап өтті чемпион жаттықтырушысы Виктор Максименко.

Қарағанды облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметінің ақпараты бойынша