Шахмат тақтасындағы батыр қыз

Қарағандылық жоғары сынып оқушысы Диана Сульгите тірек-қимыл аппараты зақымданған және көру қабілеті бұзылған спортшылар арасында өткен шахматтан Қазақстан чемпионатында алтын жүлдеге ие болды. Жарысқа елдің 16 өңірінен 120-дан астам қатысушы қатысты.

Турнир Тараз қаласында рапид және классикалық партиялар форматында өтті. Ойындар швейцар жүйесі бойынша ұйымдастырылғандықтан, әрбір қателік жүлделі орыннан айыруы мүмкін еді. Диана жарыс жолын сенімді өтіп, қыздар арасында үздік атанды.

Он бірінші сынып оқушысы Қарағанды қаласындағы №2 арнайы мектеп-интернатта білім алады және шахматпен бес жылдан бері айналысады. Осы уақыт аралығында қалалық және облыстық турнирлерде бірнеше рет жеңіске жеткен ол, өткен жылы Қарағанды облысының чемпионы атанған.

– Бізде мүгедектер спорты мектебімен келісім бар. Олардың жаттықтырушылары біздің тәрбиеленушілермен жұмыс істейді. Диана шахматпен айналысуды өз еркімен таңдады. Оның ойлау қабілеті аналитикалық, математика мен информатика пәндерін жақсы көреді. Диана өте мақсатшыл әрі қабілетті, – дейді №2 мектеп-интернатының директоры Эльмира Амандықова.

Ұлттық додаға дайындықты «Чатуранга» шахмат орталығы мен Қарағанды облыстық шахмат федерациясының жаттықтырушылары қамтамасыз етті. Федерацияның вице-президенті Салтанат Тоқташ және жаттықтырушы Татьяна Гаршина жеке түрде Дианамен жұмыс істеді. Енді чемпион қыз Испанияда өтетін халықаралық жарыстарға дайындалып жатыр.

Ералы ҒАНИ,

«QH»