Шахандықтар орталық жылуға қосыла бастады
Қарағанды облысының Шахан кентінде араға 30 жыл салып қайтадан орталықтандырылған жылу беріле бастады. Қазірдің өзінде орталық қазандыққа елді мекен тұрғындарының 25 проценті қосылып үлгерген. Келер жылы бұл көрсеткіш 100 процент жүзеге аспақ. Еске салсақ, 2017 жылдың қаңтар айында осы кенттегі көпқабатты тұрғынүйдің жертөлесіндегі автономды қазандық жарылып, салдарынан 9 адам қаза тапқан болатын.
7 мыңнан астам халқы бар Шахан кентінің тұрғындары талай жылдан бері жылудың зардабын тартып келген. Бірі көпқабатты үйдегі пәтерге пеш орнатып алса, енді бірі жеке жылу жүйесін орнатуға мәжбүр болған. 2017 жылғы апаттан кейінгі 5 жылда екі мәрте мердігері ауысып, ақыры биыл пайдалануға берілген қазандық жұмысына әзірге халықтың шағымы жоқ.
– Жұмысын тастап кетіп қалатын пеш жағушыны іздеу, күтпеген жерден жылусыз қалу сынды машақаттан құтылғанымызға қуаныштымыз. Қазір жылу да әлдеқайда жақсы. Бұрын мына қар қап-қара болып жататын. Қазір ол да жақсарған сияқты. Қуанышымызда шек жоқ, – дейді Шахан кентінің тұрғыны Александр Кармышев.
Жылу жайын әркім өзінше шешкен үйлердің жертөлесінде қазір қайтадан заманауи құрылғылар орнатылады деп те ешкім ойламаған. Кей датчиктер тіпті ауа райына сай жылуды өзі реттеп беріп отырады. Мысалы, күн жылы болса, жылу аздап беріледі. Сәйкесінше, ай сайынғы төлем де аз шығады. Қарапайым серіктестік төрағасы Мұрат Сүлейменов: «Үй ішіндегі жылу қазір әр пәтерде 27-28 грдаус болады. Үй бір температураны ұстап тұрғандықтан жылы. Жылу берілгелі бері, тұрғындар тарапынан еш шағым болған жоқ», – деп отыр.
Жылу станциясының ерекшелігі – сол: кез келген, тіпті сапасы нашар көмірмен жана береді. Тәулігіне шамамен 40 тоннадан астам көмір керек. Қазір екі қазандық жұмыс істеп, енді бірі резервте тұр. 30- ға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
– Әр су қазандығының қуаты 12,5 МВт. Қазір Шахан кентіне 4,5 МВт жылу беріп жатырмыз. Подачада бізде 88 градус болса, обраткада 62 градус. Көмір жеткілікті. Қазіргі таңда 400 тоннадай, бір жұмаға жететін қорымыз бар, – дейді «Шахан» қазандығы және жылу желілерінің учаске бастығы Бақытжан Мұсабаев.
Заң бойынша, жылу желілері үй маңына дейін келеді. Ал оны үйүйге жеткізу әркімнің өз мойнында. Мысалы, 5 қабатты үй тұрғындары 60 мың теңгеден шығарыпты. Келер жылы қосылатын үйлерге жергілікті әкімдік «Қазақстандық тұрғынүйкоммуналдық шаруашылығын жаңғырту орталығы» есебінен жеңілдетілген жолды қарастырып жатыр. Тек ол үшін үйдегі пәтер иелерінің 70% келісім беруі тиіс.
– Халық қосылғысы келіп отыр. Себебі биыл көп үй көршілерін байқап, «жылы ма, жылы емес пе?» деп қарады. Басында сенген де жоқ котельныйдың бітіп, жылу береріне. Сондықтан ойланып қалды. Негізі, халықпен кездесіп жүрмін, қосылуға дайын. Үйдің 23-і қосылды, қалған 80 үйді биыл, 2022 жылы, жұмыс істеп қосқызамыз, – деп отыр Шахан кентінің әкімі Ғалым Өмірбеков.
Жалпы алғанда, өткен жылы 40 нысан орталық жылуға қосылған. Оның 23-і көпқабатты үй болса, 11-і – мектеп пен балабақша сынды әлеуметтік нысандар. Қалғаны – жеке кәсіп нысандары. Еске салсақ, аталған жобаға ел қазынасынан 2 млрд теңге бөлінген болатын.
Расул МҰХАММЕД
«QH»