Ұшқыш болу оңай ма?

Қазақстанда авиация саласының мықты мамандарын даярлайтын ең беделді оқу орындарының бірі Қарағанды облысында орналасқан. Бұл орталық – еліміздің көк аспанын сенімді әрі тәжірибелі мамандармен қамтамасыз етіп жүрген ерекше білім беру ордасы. Ендеше, ұшқыш болуды армандаған әр бала үшін бұл мекен үлкен мүмкіндіктер әлеміне айналары сөзсіз.

Қазақстанның авиация саласы жыл сайын қарқынды дамып келеді. Осы саланың негізін қалап, білікті мамандарды даярлауда ерекше орын алатын мекемелердің бірі – Қарағанды облысындағы «Балапан» авиациялық оқу орталығы. Қаламыздағы «Сарыарқа» әуежайынан бірнеше шақырым жерде орналасқан орталық 2013 жылдан бастап қызмет етеді. Аты қарапайым естілгенімен, мұндағы жұмыс деңгейі жоғары, ал оқу жүйесі халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізіледі. Орталық 12 жыл ішінде 850-ден астам түлек дайындап шығарған. Олардың тең жартысы Алматыдағы Азаматтық авиация академиясында оқуын жалғастырса, 170 адам жеке меншік ұшқыш болу үшін білім алған. Сонымен қатар, орталықтың түлектері тек Қазақстанда ғана емес, шетелдік әуе компанияларында да қызмет етуде.

– Біз өз жұмысымызды аса жауапкершілікпен орындаймыз. Түлектеріміздің көбі халықаралық деңгейде сұранысқа ие. Осыған байланысты көрші елдерден де курсанттар келіп оқуда. Олардың қатарында Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Ресейден келген азаматтар бар, – дейді «Авиациялық оқу-жаттығу орталығы» ЖШС-нің ұшу қауіпсіздігі жөніндегі инспекторы  Аманкелді Шагапов.

«Балапан» авиациялық орталығы курсанттарға толыққанды оқу бағдарламасын ұсынады. Оқу процесі екі кезеңнен тұрады: теориялық және практикалық. Теориялық білім беру үшін арнайы жабдықталған оқу сыныптары қарастырылған. Заманауи материалдық база курсанттарға авиацияның қыр-сырын терең түсінуге мүмкіндік береді. Бұл жерде ұшудың физикасы, ұшу қауіпсіздігі, метеорология және әуе кемесінің құрылымы секілді маңызды пәндер оқытылады. Практикалық сабақтар арнайы тренажерларда өтеді. Мұнда курсанттар әуе кемесін басқару мен түрлі жағдайда әрекет етуді үйренеді. Бұл дайындықтан өткеннен кейін ғана олар нұсқаушымен бірге көкке көтерілуге мүмкіндік алады.

– Біздің тренажерлар шынайы ұшу жағдайын дәлме-дәл қайталайды. Бұл курсанттардың әуеде сенімді және қауіпсіз әрекет етуіне үлкен көмек береді. Осылайша, біз оларға сапалы білім беріп, тәжірибе жинақтауға барынша жағдай жасаймыз, – деп атап өтіп маман.

Орталықта тек ер азаматтар ғана емес, сонымен қатар қыз-келіншектер де білім алуда. Олар екінші ұшқыш қана емес, әуе кемесінің командирі ретінде де ұшуға дайындалады.

– Біздің нәзік жандыларымыз ер азаматтардан еш қалыспайды. Олар ұшу машықтарын жетік меңгеріп, өздерін тек кәсіби жағынан ғана емес, рухани жағынан да дайындайды, – дейді Аманкелді Шагапов.

«Балапан» авиациялық оқу орталығының түлектері Қазақстанда ғана емес, халықаралық деңгейде де жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие. Бұл орталықтан алған білім мен тәжірибе олардың кәсіби дамуына мықты негіз болады. Әуе көлігіне деген қызығушылық, ұшқыш болуға деген бала кездегі армандардың шындыққа айналуы мүмкін екенін дәлелдейтін мекеме – осы «Балапан» авиациялық оқу орталығы. Бұл орталықтың болашағы жарқын, ал түлектері – еліміздің аспанында қауіпсіздік пен сенімділіктің кепілі.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,                                     

«QH»