Газ тарифінің бағасы талқыланды

Табиғи монополияларды реттеу Комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның газбен жабдықтау тарифін бекітуге берген өтінімін қарау бойынша жария тыңдау өткізді. Қосылған үш қалаға – Қарағанды, Теміртау және Жезқазған қалаларына бір тариф жоспарланады. Қараша айында түпкілікті баға белгілі болады, ал кездесуде текше метр үшін 43 теңге ұсынылды. Дегенмен, тыңдауда барлығы бірдей ортақ келісімге келе алмады. Кездесудің кейбір қатысушылары оны жарамсыз деп санауды ұсынды, өйткені барлығы газдандыру туралы қажетті құжаттамамен таныстырған жоқ.

Өтінім ҚР Ұлттық экономика министрінің 2019 жылғы 19 қарашадағы № 90-НҚ бұйрығымен бекітілген тарифтерді қалыптастыру қағидаларына сәйкес ұсынылды. Қоғамдық тыңдау екі форматты да біріктірді: «Нұр Отан» партиясы сарайында офлайн және Facebook арқылы және ZOOM платформасында онлайн – бейнеконференция өтті.

Тыңдауға тұтынушылардан басқа Жезқазған, Теміртау және Қарағанды мәслихатының депутаттары, партия өкілдері, тәуелсіз сарапшылар, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің, табиғи монополиялар субъектілерінің қызметкерлері қатысты. Офлайн тыңдауда болғандар санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтау керек еді. Департамент пен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ қатысушылардың пікірлерін тыңдап, кездесуде айтылған барлық ескертулерді ескеруге уәде берді.

Газбен жабдықтау тарифі бір жылға белгіленеді деп түсіндірді облыстық Табиғи монополияларды реттеу комитетінің департамент төрағасы Арман Өтегенов. Газ бізге оңтүстіктен тартылады. Ол Жезқазған, Теміртау, Қарағанды арқылы өтеді және біздің облыста тауарлық газды бөлумен және тасымалдаумен айналысатын «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ филиалы осы қызметтің операторы болып табылады. Өңірде тұрғындармен қатар негізгі өнеркәсіптік тұтынушы — «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС мыс балқыту зауыты

2021 жылдың шілде, қазан айларында облыстың жергілікті атқарушы органдары мен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ арасында Қарағанды, Теміртау, Жезқазғанның салынған газ тарату желілеріне сенімгерлік басқару шарттары жасалды.

— Бұл қызмет реттеліп отырады , сондықтан оның тарифін бекіту керек, — деп еске салды Арман Тұрсынұлы.

— Заңға сәйкес, біз жариялылықты, хабардарлықты қамтамасыз ету, барлық тараптардың мүдделерін сақтау үшін Жария тыңдаулар өткіземіз.

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қарағанды облыстық филиалында қазір штат саны шағын, яғни 23 адамды құрайды. Филиал директоры Талғат Қызылбаевтың айтуынша, тариф бекітілген уақытта қызметкерлерді қосымша жұмысқа қабылдау басталады. Қазір пайдалану бойынша мамандар жетіспейді, сондықтан барлығы 316 адамды жұмыспен қамту жоспарлануда. Айта кетелік, компания Қарағанды өңірінің нарығына алғаш рет кіріп отыр.

Талғат Жетпісбайұлы нақты сандар арқылы мысалдар келтірді. Газ құбырының жалпы ұзындығы — 1529 шақырым. Біздің өңірде газдандыру 2036 жылға дейін жоспарланған. Газды пайдалану, соның ішінде үйлерді жылыту өмір сүру деңгейін, экологиялық жағдайды жақсартады және ауаны көмірмен ластамауға мүмкіндік береді.

— Сонымен қатар, газ қазандығы орнатылатын үй-жайдың өзі тұрғын үй болмауы тиіс, онда төбенің белгілі бір алаңы мен биіктігі, терезе алаңы сақталуы керек. Осы сияқты ерекшеліктердің барлығын тұтынушылар кеңес алу арқылы біле алады. Облыс бойынша үш қалада аудандық газ шаруашылықтары ашылды.

— Үй шаруашылығын газдандыру үшін техникалық шарттар сол жерде беріледі. Сонымен қатар, облыста бір терезе қағидаты бойынша маманданды рылған ХҚКО–лар ашылды. Бұл жерлерде де консультация алуға, бірге техникалық шарттар жасасуға болады. Қарағандыдағы мекен-жайы: Ермеков көшесі, 104/1. Анықтама телефоны – 8 (7212) 25-46-49. Қазір бұл телефон нөмірі Қарағанды, Жезқазған және Теміртау үшін бірдей болуы үшін жұмыс жүргізілуде, — деп бөлісті Талғат Жетпісбайұлы.

Қарағанды қаласы бойынша газдандыруға 28 710, Жезқазғанда – 7 800, Теміртауда – 6 230 абонент бөлінген. Ал барлығының жапы саны — 42 750 абонент. Газға қосылу немесе қосылмау – әрбір тұрғынның жеке таңдауы. Қызмет көрсетушілер ешкімді мәжбүрлемейді. Сонымен қатар, қызметкерлер үйлерді аралап, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді, барынша қарапайым түрде сипатталған жадынамалар мен ережелерді таратты. Бұл жұмыс жаңа іске қосу кешендерін құрумен жалғасады. Әзірге облыста алғашқысы дайын.

— Газ тарифінің түпкілікті бағасы үш құрамдас бөліктен тұрады. Біріншісі, көтерме баға – Энергетика министрлігі бекітеді және біз оған әсер ете алмаймыз. Екіншісі – қазір бекітілетін тасымалдау тарифі, сондай – ақ өткізуге арналған шығындар — олар кейінірек берілетін болады. Осының негізінде әзірше бір текше метр үшін 43 теңге тариф есептелген. Сондықтан, әзірге өтінімде дәл осы мән көрсетіледі, — деп түсіндірді Талғат Қызылбаев.

Қарағанды облысындағы үйлер әлі газға қосылмаған. Абоненттер бойынша деректер жоқ болғандықтан, компания Нұр-сұлтан бойынша салыстырмалы талдау жүргізіп, 2020-2021 жылдарға жылу беру маусымы үшін 15 тұтынушының шығынын бағалады. Үйлер әр түрлі аудандарды, әр түрлі тұрғындарды зерттеді және бір маусымда орташа есеппен 300-ден 500 текше метрге дейін тұтынылатыны анықталды.

— Газ қатты отынмен салыстырғанда тиімдірек, — деп түйіндеді Талғат Қызылбаев. Біз газ бен қарағандылық көмір арасындағы бағаны жылу көрсеткіштерімен салыстырдық. Астана тарифінің бағасын ескере отырып, газбен жылытудың тиімділігі артты. Қосу бойынша қызметтердің бағасына келетін болсақ, болат газ құбырына ойып салу – 13 400 теңге, газдандыру жобасы – 16 800 теңге, пломбалау – 1 085, газ плитасына газ жіберу — 2 992 теңге және жылыту қазандығына газ жіберу — 4 301 теңге тұрады. Бұл сандар үйдің ауданына қарамастан өзгеріссіз қалады. Мемлекет тапсырманы жеңілдетті және есептегіш тұтынушыға тегін беріледі. Ал тұтынушының өзі оны орнатумен, сондай-ақ пеш пен қазандыққа газ жеткізумен айналысады. Бұдан басқа, тұтынушылар газға қосылу бойынша қызметтерді бөліпбөліп төлей алатындай етіп, екінші деңгейдегі банктер арқылы кредиттеу мәселесін қарауды жалғастырудамыз.

Кездесу барысында үш қаладағы алғашқы іске қосу кешендерінің орындары да айтылды. Қарағандыда бірінші іске қосу кешені Саран тас жолы, Бұқар Жырау даңғылы, Сейфуллин, Қазақстан, Степная, Кривогуз және Бадин көшелерімен өтеді. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ филиалының директоры атап өткендей, әрбір іске қосу кешені ұлғаятын болады.

Жалпы, 130-ға жуық үй қосылуға дайын және газдандыруды күтуде. Қазір құжаттамаларды тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның ішінде Қарағанды бойынша — 40 үй, Жезқазғанда – 14 және Теміртауда – 76 үй дайын. Алғашқы абоненттерді осы жылыту маусымында іске қосуға уақыт бар.

Соған қарамастан, теміртаулық партиялық бақылау комитетінің өкілі Владимир Быков тыңдауды жарамсыз деп санауды ұсынғандардың бірі болды. Ол мұны газдандыру процесі туралы құжаттарда ақпараттың жеткіліксіздігімен дәлелдеді. Теміртау Қоғамдық кеңесінің өкілдері де дәл осындай ескерту жасады. Айтуынша, олар да процесс туралы құжаттарды зерделегісі келеді. Бірақ ұйымдастырушылар тыңдауды жарамсыз деп танудан бас тартты.

Газ тарифінің соңғы мөлшері қараша айында белгілі болады. Осы кезеңде «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ өтінімі – дәл осы жоба және облыстық Табиғи монополияларды реттеу департаменті жүргізген сараптамадан кейін барлық шығындары мен экономикалық бағдары негізделген тарифті бекіту туралы бұйрық шығарылатын болады.

Аружан АЛПЫСБАЙ,
«QH»