СЕРВИСТІК МОДЕЛЬ: полиция жазалаушы ма, жәрдемші ме?
Құқық қорғау органдарының әлеуеті соңғы екі жылда айтарлықтай артты. Мәселен, «қадамдық қолжетімділік» қағидаты бойынша өткен жылы бес жаңа учаскелік полиция пункті ашылды. Қарағанды облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Құрманғали Ысмағұлов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің республикалық брифингінде құқық қорғау саласындағы осы және өзге де өзгерістерді тілге тиек етті.
Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Алексей Милюктің қатысуымен өткен баспасөз жиынының басты тақырыбы құқық қорғау органдарының сервистік модельге көшуі болды. Айта кетейік, аталмыш пилоттық жоба Қарағанды облысында 2019 жылы қолға алынған. Жоба бірінші кезекте қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, халықпен тығыз қарым- қатынас орнатуды көздейді.
— Полицияға сервистік модуль қызметін жүктеген жағдайда, ол қоғаммен барынша белсенді түрде ықпалдасып, халыққа жақындай түседі әрі заң нормаларының сақталуына жауаптылық жүктейтін құқық қорғаушы мәртебесіне әлеуметтік қызмет мәртебесін қосып алатын болады. Сервистік полицияның кешенді моделін құрудағы мақсат — барлық мемлекеттік құрылымдар мен қоғамның тиімді өзара іс-қимылы арқылы құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау, халыққа дер уақытында көмек көрсету арқылы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Нәтижесінде халықтың қауіпсіздігі жан-жақты қамтамасыз етіліп, азаматтардың тәртіп сақшыларына сенімі арта түседі деп күтеміз, — дейді Алексей Милюк.
Полиция жұмысын осы модельде қайта құрған алғашқы елдердің бірі — Ұлыбритания. Жаңа модельді енгізу үшін Англияға 15 жылдан астам уақыт қажет болған. Бүгінге дейін елде әрбір салада терең өзгерістер жүргізіліп, тиісті институттар құрылды.
Ал біздің облыстағы Полиция департаменті алдымен қылмыстық істерге зерттеу жүргізген. Пәтер ұрлығы, қалта ұрлығы және алаяқтық бойынша қылмыстық істер жиі тіркеледі. Жыл сайын көбеймесе азаймайды. Мәселен, төрт жыл ішінде 1 236 пәтерге ұры түскен. Жалпы шығын шамамен 500 миллион теңгені құраған. Ұрлықты кімдер жасайды? Әрине, жұмыссыздар. Түзету мекемесіндегі 4 мыңға жуық жазасын өтеушіге жүргізілген сауалнаманың нәтижесі — сол: 90 пайызға жуығы — жұмысы жоқтар.
Сондай-ақ құзырлы органдар қаладағы 170 ауланы тексерген. Жартысынан көбінің қауіпсіздік шарттарына мүлде сай еместігі анықталған. Жарық шамдарының жоқтығы, бейнебақылаудың орнатылмауы және күзеттің болмауы сынды олқылықтар әлгіндей қылмысқа жол беретіні анық. Міне, осы секілді кедергілерді шешу міндеті арқылы қылмыстың алдын алуға болады. Осы бағытта басқа да жұмыстар жүргізіліпті. Енді ел Президентінің тапсырмасын іске асыру керек. Негізгі 4 бағытты айқындапты.
Алғашқысы — қоғаммен байланыс орнату. Облыстық полиция департаментінің бірінші орынбасары, полиция полковнигі Құрманғали Ысмағұловтың айтуынша, «полицияның қолжетімділігі» қағидаты бойынша жұмысты жүйелі ету. Яғни халықпен кері байланыс орнату үшін Қарағанды қаласының учаскелік инспекторлары 200 чат құрды. Сондай-ақ Қарағанды қаласының 25 мың азаматын, облыс бойынша 170 мың адам қамтылған 597 чат бар. Сонымен қатар 2020 жылдың ақпан айынан бастап Қарағандыда киберволонтерлердің мониторингтік тобы жұмыс істейді. «Олардың көмегімен интернет желісінде тыйым салынған тауарлар сату мен түрлі қызметтердің жолын кесу мүмкін болып тұр» дейді мамандар. Мысалы, заңға қайшы 147 интернет- контент, күмәнді 58 телеграм арнасы және хабарландыру сайттарында 127 жарияланым анықталды, 258 жалған хабарландыру бұғатталды.
— 2021 жылдың ақпан айынан бастап Қарағанды облысында «Азаматтардың хабарламаларын қабылдау үдерісінің бірізділігі» пилоттық жобасы немесе Ішкі істер министрлігі әзірлеген «Police 102» мобильді қосымшасы іске қосылды. Бұл жерде 2019 жылы Қарағанды қаласында ел бойынша алғаш рет біз 9 дабыл түймесін — «SOS» орнатқанымызды атап өткім келеді. Бүгінгі күні мемлекеттік- жекеменшік әріптестік шеңберінде облыс бойынша полициямен шұғыл байланыстың 33 терминалы орнатылды (Қарағандыда — 9, Жезқазғанда — 6, Сәтбаевта — 5, Теміртауда — 9, Саранда — 4), — дейді Құрманғали Жәрдемұлы.
Ал екінші бағыты — полиция имиджін көтеру. Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармамен бірлесіп «ARMANFILMS» кинокомпаниясы арқылы құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған сюжеттер жасау туралы меморандум жасалыпты. Бүгінгі таңда жұмыс нәтижесіз емес. Жақында ғана көрерменге жол тартқан «Бірінші толқын» атты толықметражды фильмінде полиция имиджі де бар. «Интернет желісі арқылы түрлі қызметтің полиция қызметкерлері туралы деректі фильмдер мен қысқаметражды сериалдар жарияланатын болады» дейді сала өкілдері. Қазіргі уақытта сервистік модель және учаскелік инспектордың қызметі туралы ақпараттықтүсіндіру бейнеконтентін құру бойынша жұмыс жүргізілуде.
Үшінші бағыт бойынша әкімдіктің қолдауымен соңғы екі жылда полиция бөлімшелерінің әлеуеті біршама артты. Пилоттық режимде Қарағанды қаласының учаскелік полиция пункттерінің бірінде қауіп төнген жағдайда жедел басқару орталығымен біріктірілген дабыл түймесі орнатылды. Бұл жүйені басқа учаскелік пунктерде де орнату жоспарланып отыр. Халық көп жиналатын орында «Модуль» үлгісіндегі 3 стационарлық полиция бекеті орнатылыпты.
Соңғы бағыты — кадрлармен жұмыс. Осы бағытта жас полицейлердің біліктілігін арттыру үшін үш және алты айлық арнайы оқыту курстары енгізілді. Алғашқылардың бірі болып учаскелік инспекторлар қосымша дайындықтан өтті. ІІМ Қарағанды академиясының базасында Қарағанды қаласының учаскелік инспекторлары мен полиция бөлімдерінің басшыларына арналған бірқатар оқыту тренингі өткізілді. Негізгі төрт бағыт бойынша атқарылып жатқан жұмыстар — осы.
Ақзия ОРАЗАЛИЕВА, «QH»