Сергек жүргізуші – қауіпсіз жол: Қарағандыда жаңа бастама

Қарағанды облысында жол-көлік апаттарының алдын алу мақсатында ерекше шара қолға алынды. Енді полицейлер республикалық маңызы бар трассаларда жүргізушілердің шаршау деңгейін тексеріп, қажет болса, оларға демалып алу туралы кеңес беруде.

Мамандардың айтуынша, соңғы айларда апаттардың жиілеуіне көлік тізгініндегі адамдардың ұйқышыл күйге түсуі, сергектігін жоғалтуы тікелей әсер етіп отыр. Облыстық Полиция департаментінің деректеріне сүйенсек, жыл басынан бері өңірде 482 жол апаты тіркеліп, 96 адам қаза тапқан. Оның 50-ден астамы жүргізушілердің рульде ұйықтап кетуінен болған.

Осы жағдайдан кейін тәртіп сақшылары Қарағанды–Балқаш тас жолында профилактикалық рейд ұйымдастырды. Полицейлер жүргізушілерді тоқтатып, шаршап-шаршамағанын сұрап, жолды жалғастыруға шамасы бар-жоғын анықтады. Егер есінеу, көздің ауырлауы, зейіннің төмендеуі немесе жолақтан шығып кету секілді белгілер байқалса, оларға бірден тоқтап, демалу қажеттігі түсіндірілді.

Рейд кезінде 15 көлік тоқтатылып, жүргізушілеріне уақытша жол жүруге тыйым салынды. Полиция мұндай шаралар адам өмірін сақтауға көмектесетінін айтады.

Сонымен қатар, облыстық прокуратурамен бірлесіп, арнайы механизм пысықталып жатыр. Ол бойынша рөлде 8 сағаттан артық жүрген жүргізушілер туралы ақпарат патрульдік полицияның планшеттеріне автоматты түрде түсетін болады. Уақыт шегінен асқан жүргізушілер демалмайынша жолға жіберілмейді.

-Қарағанды – еліміздің ірі көлік торабы. Көліктердің басым бөлігі түнде немесе таңертең ерте келеді, бұл кезде ұйықтап кету қаупі ерекше жоғары. Жаңа жүйе жол-көлік оқиғаларының санын айтарлықтай азайтады деген үміт бар, — дейді Қарағанды облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Жасқайрат Қайыров.

 

 

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»