Сенімді жарық – өркениет кепілі: Қарағандыда электр желілері жаңғыртылып жатыр

Жуырда Қарағандыда өткен баспасөз туры барысында қала мен облыс аумағындағы электр желілерін жаңғырту жұмыстары туралы егжей-тегжейлі ақпарат берілді. Мамандар жаңа жобалардың тұрғындарға берер пайдасы мен өңірдің энергия инфрақұрылымын жаңғыртудағы маңызды қадамдар жайлы баяндады.

Қарағанды облысында электр қуаты сапасын арттыру мақсатында ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жаңа Узенка, Финский, 2-Рудник кенттері мен облыс орталығындағы тарихи маңызы бар қосалқы станциялар толықтай жаңартылып жатыр. Бұл жобалар тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға және өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға бағытталған.

Жаңа Узенка кенті тұрғындары үшін бұрынғы электрмен қамту – үлкен мәселе болатын. Тұрмыстық техника жиі күйіп, шамдар бірде жанып, бірде өшіп, жарықтың сапасы сенімсіз еді. Тұрғындардың айтуынша, кейде жарықтың жағдайы «музыка ойнап тұрғандай» әсер қалдыратын.

«Көршім кернеу тұрақтандырғыш орнатты. Соның салдарынан менің тұрақтандырғышым дұрыс жұмыс істемей қалды. Жарықтың шамдары жыпылықтап, үй ішінде музыка ойнап тұрғандай болатын», – дейді ауыл тұрғыны.

Энергетиктер мәселенің шешімін табу үшін былтырдан бері Жаңа Узенкада ауқымды жаңғырту жобасын қолға алған.

«Бүгінде ауылдағы 10 кВ және 0,4 кВ электр желілері жаңартылды. Ескі сымдардың орнына өздігінен тартылатын оқшауланған сымдар тартылды. Сонымен қатар, төрт трансформаторлық қосалқы станция жаңартылып, жаңалары орнатылды», – дейді «Қарағанды Жарық» ЖШС техникалық директоры Константин Конради.

Финский кентінде электр желілерінің тозуы 100%-ға жетіп, тұрғындар жиі шағымданған. Енді бұл аумақтарда да кешенді жаңғырту жүргізілуде.

«Бұл ауданда кернеудің жиі ауытқуы, апаттар мен шамдардың күйіп кетуі сияқты мәселелер болды. Сондықтан желіні толық ауыстырып, 6 кВ және 0,4 кВ желілерін заманауи құралдармен жабдықтадық», – дейді Константин Конради.

Жоба аясында Финский кентіне 29 шақырымға жуық жаңа оқшауланған сым тартылып, сегіз трансформаторлық қосалқы станция жаңартылды немесе қайта орнатылды. Қазірдің өзінде 900-ден астам абонент сапалы электр қуатын тұтынып отыр.

«Бұрын нан пісіргіш пен микротолқынды пеш тартпайтын. Енді жарық тұрақты, техника да жақсы жұмыс істейді», – дейді жергілікті тұрғын Валерий Шинкарёв.

Энергетиктер 1949 жылы салынған Қарағанды қосалқы станциясын жаңғыртуды қолға алды. Ауқымды жоба 2027 жылға дейін жалғасады. Бұл Қарағанды, Теміртау және Сарань қалаларын байланыстыратын қуатты тораптық нысанға айналмақ.

«Бұл жерде кернеуі 110 мың вольт болатын сегіз, ал 35 мың вольттық алты желі жұмыс істейді. Сонымен қатар 6 кВ жабық тарату құрылғысы да салынуда», – деп атап өтті Константин Конради.

Жобаның жалпы құны – 10,5 миллиард теңге, оның жартысы игерілген. Барлық құрылғылар Ресейден жеткізілген жаңа буындағы жабдықтар.

«Мердігерлердің жұмысы күн сайын техникалық қадағалаудан өтіп отырады. Әрбір трансформатор – зауыт мамандарының шефмонтажымен орнатылады», – дейді күрделі құрылыс бөлімінің басшысы Дмитрий Бутыгин.

Жаңғырту жұмыстары барысында бұрынғы ағаш бағандар темірбетон тіректерге ауыстырылды. Бұл шешім желдің екпіні мен климаттық әсерге төзімділік береді. Сонымен қатар, компания есебінен барлық 460 абонентке есептегіш құралдары тұрғын үйлердің қасбетіне орнатылады.

«Бұрын шамалы желдің өзі жарықты өшіріп тастайтын. Енді заманауи сымдар, жаңа бағандар орнатылды. Біз қуаныштымыз – нағыз өркениет келіп жатыр», – дейді Тбилисская көшесінің тұрғыны Наталья Низамова.

Электр желілерін жаңғырту бағдарламасы тек апаттардың алдын алуға емес, сонымен қатар жаңа өндірістік және әлеуметтік нысандарды қосуға мүмкіндік береді.

Мамандардың айтуынша, өңірдегі электрмен қамту сапасы бірнеше есе артып, тозу көрсеткіші біртіндеп жойылады.

Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

«QH»