Сенат төрағасы өңірдің дамуына қатысты маңызды басымдықтарды атады
Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келген Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев мәслихат депутаттарымен, Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерімен және жергілікті қауымдастықпен кездесіп, Президент тапсырмаларының өңірде жүзеге асырылу барысын талқылады. Жиында бірлескен жұмыстың негізгі бағыттары айқындалып, Сенат пен өңірлік өкілді органдардың әрі қарайғы өзара іс-қимыл форматы зерделенді.
Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында белгіленген реформаларды сапалы орындау – барлық деңгейдегі билік үшін ортақ міндет. Осы орайда мәслихаттардың, сарапшылар қауымдастығының және қоғамдық институттардың заң шығару жұмысына белсенді қатысуы ерекше маңызды екені атап өтілді.
Спикердің пікірінше, мұндай өзара әрекеттестік еліміздің сапалы экономикалық өсіміне, құрылыс және цифрлық кодекстерді, қаржы секторына қатысты заңдарды дер кезінде қабылдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ол заң шығару үдерісін жетілдіруді көздейтін парламенттік реформаның маңызын да атап өтті.
«Президент Жолдауында цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамытуға басымдық берілді. Бұл – біздің стратегиялық бағдарымыз. Сондай-ақ Мемлекет басшысы бір палаталы Парламентке көшу мәселесін қоғамдық талқылауға шығарды. Бұл ретте мәслихаттардың жауапкершілігі артады. Өйткені жергілікті жерде халықпен тікелей жұмыс істейтін – сіздер. Қорытынды шешім жалпыхалықтық референдум арқылы қабылданады», – деді Сенат спикері.
Кездесуде өңір экономикасын дамыту мәселесі де кеңінен сөз болды. Қарағанды – елдегі ірі индустриалды орталықтардың бірі. Соңғы жылдары облыс өндіріс, инвестиция тарту және жаңа экономикалық модельге бейімделу бағытында жақсы нәтижелер көрсетіп келеді.
Сенат төрағасы алдағы үш жылдық республикалық бюджетте облысқа қосымша қаржы бөлінгенін атап өтіп, Палата өңірдің әлеуетін арттыруға бағытталған бастамаларды әрі қарай да қолдайтынын жеткізді.
Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,
«QH»

