Семсерлесу спорты Қарағанды төрінде
Қарағанды қаласы спорт тарихында айтулы оқиғаның куәсі болды. Облыс орталығында алғаш рет ересектер арасындағы Қазақстан кубогы ұйымдастырылып, елдің түкпір-түкпірінен келген қылышкерлер өзара мықтыны анықтады.
Жарысқа Алматы, Астана, Шымкент қалаларынан, сондай-ақ Абай, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Түркістан және Қарағанды облыстарынан спортшылар қатысты. Қазақстандағы қылышқорлардың басты додасы саналатын бұл турнир тартысты бәсекеге толы болды.
Алғашқы күндері рапирашылар сынға түссе, кейін семсер шеберлері жарыс жолына шықты. Турнирді дәстүрге сай қылышкерлер түйіндеді. Бұл сын Қарағанды жанкүйерлері үшін айрықша мәнге ие еді. Себебі жергілікті спортшылар – Артём Саркисян мен Анастасия Гулик – өз аймағының намысын қорғады.
Қазақстан Республикасы мемлекеттік жаттықтырушысы Тимур Байтасов Қарағандыдағы жарыстың маңызын ерекше атап өтті.
– Қазақстан кубогы бұл өңірде алғаш рет ұйымдастырылды. Бұған дейін мұнда балалар арасындағы ел чемпионаты өткен болатын. Сол тәжірибе Қарағандының үлкен жарыстарды қабылдай алатынын көрсетті. Енді жергілікті спортшыларымыз Артём Саркисян мен Анастасия Гулик өз алаңында алғаш рет бақ сынады. «Өз үйің – өлең төсегің» дегендей, жанкүйерлердің қолдауы оларға үлкен күш берді, – деді ол.
Жарыс аясында ел қылышкерлерінің басты дайындығы алдағы Азия ойындарына бағытталды. Сарапшылардың пікірінше, қарағандылық спортшылар Артём Саркисян мен Анастасия Гулик ұлттық құраманың көшбасшылары қатарынан табылды.
– Олар өз мүмкіндіктерін талай мәрте дәлелдеді. Артём Саркисян – ерлер семсерінен ұлттық құраманың жетекшісі. Ол Қазақстан тарихында алғаш рет Әлем кубогында күміс жүлде иеленіп, Азия ойындары мен Азия чемпионатында қола медаль жеңіп алды. Ал Анастасия Гулик те Тбилисидегі әлем чемпионатында жоғары нәтиже көрсетті. Ол үздік 16 спортшы қатарына еніп, тек болашақ олимпиада чемпионына ғана жол берді, – деп атап өтті Тимур Байтасов.
Қарағанды төрінде өткен Қазақстан кубогы – тек жеңіс үшін талас қана емес, болашақтағы халықаралық сындарға дайындықтың маңызды кезеңі болды. Жергілікті жанкүйерлер үшін бұл турнирдің орны бөлек, себебі өз жерінде тұңғыш рет ұйымдастырылған дода жаңа есімдердің жарқырап шығуына мүмкіндік берді.

