СЕГІЗ АЛТЫН АДАМНЫҢ БОЛУЫ – ӘЛЕМДІК СЕНСАЦИЯ

Қазір Қазақстанның жеті томдық жаңа академиялық тарихын жазу үшін нақты жұмыс жүргізілуде. Президенттің айтуынша, еліміздің өткені, бүгіні мен болашағы оның тарихи мұрасымен тығыз астасып жатыр. Қазіргі тарих саласындағы мәселелер жайлы тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Нұрсахан Ахметқызымен әңгіме өрбіткен едік.

Президент құрылтайда тарих саласына ерекше тоқталып өтті. Былтыр Қазақстан ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар комитетіне мүше болып сайланды. Осы туралы ойыңызды айтсаңыз. Бұл мүмкіндік бізге қандай басымдық береді? Оны қалай қолданған жөн?

– Иә, біз 1991 жылы БҰҰ құрамына кіргеннен кейін, 1992 жылы еліміз ЮНЕСКО құрамына кірді. Ал 1994 жылы республикамыз Дүниежүзілік мұралар конвенциясына қол қойды. Ал Президенттің құрылтайда айтқаны – еліміздің территориясындағы дүниежүзілік мәні бар мұралар. Мысалы, соның бірі Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ЮНЕСКО мұралары қатарына енді. Бұл – үлкен қуаныш, жеңіс. Жалғыз ол емес, Алтынемел, Ешкіөлместегі петроглифтер, одан кейін Ақсу-Жабағылы қорығы – барлығы дүниежүзілік мұралар қатарында. Бұл бізге болашақта Қазақстанға өте көп турист тартуға ықпал етеді. Мысалы, Наурыз қорғаны, Қорғалжың, Ұлытаудағы сирек кездесетін құстар бар. Олар Оңтүстік Азиядан, Африкадан ұшып келіп Қорғалжыңға қоныстанады. Міне, осылардың барлығының дүниежүзілік ел мойындайтын мұраға кіруі – үлкен мақтаныш. Екіншіден, 2014 жылы Жібек жолының үзінділері Алматы, Жамбыл облыстарынан өтетін Қойлық, Қарамерген, Талғар қалалары кезінде Шығыс Азияны Еуропамен байланыстырған. Яғни бұл – қазір елімізді әлемге танытатын мұралар. Тасмола секілді қорғандар көзі ашық әлем тарихшыларын қызықтырмай қоймайды. Президенттің айтып отырған себебі – бұларды көзіміздің қарашығындай сақтауымыз қажет. Өйткені жабайылықпен кейбір адамдар тастардағы жазуларды ойып тастап, өздерінің атын жазып немесе бояп қайдағы бірдеңелерді жазады. Міне, солардан сақтану керек. Осындай дүниежүзілік маңызы бар тарихи мұраларды сақтасақ әлемге таныламыз. Бұрын Еуропа бізді тек Кеңес Одағының бір бөлігі, отары ретінде қараса, енді осындай дүниелердің мойындалуы Қазақстанның сан ғасырлық тарихы бар екенін көрсететін, өркениеттің орталығы болғанын көрсететін мүмкіндік береді. Оны сақтау үшін ол жерге туристерді қызықтыру керек. Яғни жақсы жолдар, орталықтар салынуы керек. Енді оларға зиян тигізу халықаралық деңгейдегі қылмыс ретінде саналатын болады. Бұл – біздің болашақ ұрпаққа мұрамыз. Әрі елімізге инвестиция әкелетін құрал. Міне, осы үшін Президент осы жайды тілге тиек етті. Жай ғана атап өтпей, Мәдениет министрлігіне, жергілікті әкімдіктерге, идеологияға жауап беретін азаматтардың құлағына алтын сырға ретінде айтып отыр. Әлемге біз ет, маймен ғана емес, рухани мұрамызбен танылуымыз керек. Бұл болашақта мәдениеттің бастауы Шығыс екенін дәлелдеуге мүмкіндік береді. Мұның астарында үлкен ұлттық идея жатыр.

Таңбалы тастар туралы да айтып өтсеңіз. Арқа даласында олардың зерттелуіне жеткілікті көңіл бөлінуде ме? Қандай жұмыстар жасалуда?

– Орталық Қазақстанда да таңбалы тастар бар. Қарқаралы даласы, Ұлытау маңында, Шет, Желтауда да таңбалы тастар жетерлік. Архитектураны, ұлттық мұраны қолдау орталығы бар бізде. Түлкібас Төлеуов деген азамат басқарады. Біздегі ескерткіштер архитектурасын сақтау бағытында сол кісілер жұмыс істеп жатыр. Көп ескерткіш мемлекеттік, облыстық қорғауға алынған. Бұл салада үлкен жұмыстар жүргізілуде. Бұған қосымша Қарағанды университеті тарих факультетінде археология, этнология және Отан тарихы деген кафедра бар. Онда петроглифтерді зерттеген мықты археолог мамандар жұмыс жасайды. Әрине, арнайы экспедиция жіберген жөн. Олар зерттелді, зерттеліп жатыр, дегенмен әрі қарай қорғауға алу керек. Мысалы, Ақтоғай жеріндегі сызғыланған таңбалы тастарды сол жақтың адамдары өздері барып тазалаған. Жалпы, оларды қорғайтын заң бар, қаржы бөлінеді. Тек соны іске асыру үшін қадағаласа екен. Қазір енді бұл жұмыс жайлап жолға қойылып келеді.

Құрылтайда археологтер мен «қарақшы археологтер» жайлы біршама сын айтылды. Қазір осы саланың мамандарын даярлау қалай болып жатыр? Білікті археологтер дайындай алып жатырмыз ба? Әрі жастардың қызығушылығы қандай?

– Иә, Президент құрылтайда археология ғылымына ерекше көңіл бөлді. Өйткені бұл – қазақ тарихының бастауы. Біздің тарихымыз тасқа жазылған, жердің астында жатыр. Мұны зертеу өте өзекті мәселе саналады. Сонау ХХ ғасырдың 50 жылдарынан бастап археология ғылымы зерттеле бастады. Оның басында биыл 120 жылдығын тойлап отырған Әлкей Марғұлан мен Қаныш Сәтбаев тұрды. Өйткені Ғылым академиясын құрғаннан кейін Археология бөлімі ашылып, оны Әлкей Марғұлан қолға алды. Орталықта Қазақстанның территориясындағы барлық археологиялық ескерткішті қазу жұмыстары жүрді. Сол кезде ол жұмыстарға одақтан рұқсат сұрайтын. Кейін өзіміз тәуелсіздік алғаннан кейін, ондай лицензияны, рұқсат қағазын академиядан алып тұрды. Сөйтіп, Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы қалыптасты сол кісінің басшылығымен. Кейін жасы келе бастаған кезде, Мир Қадырбаев деген үлкен археологтің қолына өтті. Соның құрамында Қарағанды университеті тарих факультетінің ғалымдары жұмыс істеді. Осы факультет студенті, қазір академияда істейтін Арман Бейсенов Қарқаралы маңындағы Алтын адамның табылуына үлкен үлес қосты. Бүгінгі күні Талды экспедициясы, екі жыл бұрын жұмыс істеген Алат кен орнын зерттеген ұжым бар. Маңыздылығы соншалықты, Жапонияның Мураками деген ғалымы келіп сол экспедицияға қатысқан. Оған Теміртаудың металлургтері, инженерлері қатысып, қола дәуіріндегі металлургиялық пешті қалпына келтіріп, оны халықаралық конференцияда жариялағанбыз. Міне, бүгінгі күні Орталық Қазақстанның археологиялық экспедициясын заңды түрде өз мамандары зерттеп жатыр. Олардың лицензиясы мен гранттары бар. Ал енді жер астындағы монеталар мен алтынды алу үшін «қарақшы археологтердің» болуы – кездейсоқ дүние емес. Яғни қазір екінің бірі тарихшы болып кетті. Ұлттың мүддесін емес, қара басының қамын ойлайтын адамдар бұрын да болған. Ал енді қазір оларға мемлекет тарапынан қатаң бақылау болуы керек деп ойлаймын. Қай жерде қандай археолог зерттейді, оған рұқсаты бар ма деген мәселені қарастыру керек. Президенттің айтқан себебі де – осы. Кім көрінгеннің қолында талан-таражға түсіп кетіп қалмас үшін. Батыс, Шығыс Қазақстандар да жақсы зерттеліп жатыр. Кезінде Әлкей Марғұлан Жібек жолында үш жүзге жуық қала болғанын жазып кеткен. Яғни кезінде бізде қала болмаған, тек көшіп-қонып жүргенбіз дегенге археология ғылымы нақты жауап беріп отыр. Мысалы, Еуропа, Ресей көзқарасы бойынша, біз ұшарын жел, қонарын сай білген қазақпыз. Бірақ біздің осы жерде мекендеген автохронды халық екенімізді, үлкен мәдениетіміз болғанын, металлургияны білген халық екенімізді археология ғылымы дәлелдеп отыр. Осы үшін Президент бұл ғылымға ерекше көңіл бөліп отыр.

Енді жас мамандардың дайындалуына келсек. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бұрыннан келе жатыр. Біздің Қарағанды мемлекеттік университеті ашылғаннан кейін, 1974 жылдан бастап археология мамандарын дайындап келе жатыр. Жыл сайын он шақты археолог түлеп ұшады. Дегенмен кезінде Ғылым академиясы жабылып қалды ғой. Енді Президенттің тікелей қолдауымен ол ашылғаннан кейін, осы мамандарға орын табылады деген сөз. Тек бір өкініштісі – соңғы екі жылда магистрлер жоқ. Себебі олар жұмыс таба алмайтын болғаннан кейін, магистратура жабылып қалды. Соның бірі Шоқатаев Олжас деген жас маман биыл докторантураға түсті. Яғни бізде археолог мамандар бар. Жастардың қызығушылығы өте жоғары десем болады. Өйткені экспедицияға жыл сайын мектеп оқушыларына дейін қызығып барып жатады. Әрине, олардың қызығушылығын ұстап қалу үшін болашақ жұмыс орындарымен қамтамасыз ететін болсақ, археолог мамандығы дамиды. Археолог болу үшін үлкен жігер мен денсаулық керек. Балалар әрі қарай қызығу үшін, мектеп оқулығына археологиялық ескерткіштер туралы көптеп жазылу керек. Біздің тарих факультетінің оқытушылары 5, 6, 7-сыныптарға арналған «Өлкетану» оқулығын екі тілде жазып шыққанбыз.

«Соңғы жылдары мемлекетіміз тарихи әділдікті қалпына келтіруге баса мән беріп отыр», деді Президент. Жалпы, қазақ тарихының өзі кезінде кеңестің сүзгісінен өтіп жазылғанын білеміз. Осы жайлы ойыңызды білсек. Тарихи шындыққа жетуге қаншалықты тырысып жатырмыз?

– Кезінде Қазақстан тарихын келімсектер жазды. Одан кейін кеңестік идеологияда жазылды. Міне, енді тәуелсіздік алғанымызға отыз жылдан асқанда ғана біз Қазақстан тарихын қайта жазуды бастадық. Қазір ғалымдар жеті томдықты жазып жатыр. Оның енді қалай шығатынын білмейміз. Тек қазақ тарихын Еуропа тарихынан артық көрсетеміз деп жеке бөліп қарастырмайды деп үміттенемін. Яғни әлемдік процестің ішіндегі Қазақстанның үлесін көрсеткен жөн. Мысалы, әлемдік мәдениетте Қазақстанның орны бар екенін жаңағы біздер айтып отырған петроглифтердің өзі дәлелдеп отыр. Сегіз Алтын адамның болуы – әлемдік сенсация. Египеттің пирамидасы ғана әлем оқулықтарының ішінде жүрсе, енді ондай пирамиданың бізде де бар екенін Марғұлан болжап жазып кеткен. Оны енді ғана Талдыдағы экспедиция дәлелдеп жатыр. Міне, осының бәрі жаңа тарихқа кіреді деп ойлаймын. Археологиялық ескерткіштердің негізінде біздің тарих жаңаруда. Біздің тарих – далалық ауызша тарихнама. Себебі біздің тасқа жазылған тарихымыздан бөлек тарихи жадымыз бар. Өткеніміз мақал, өлең, жыр арқылы бізге ауызша жетті. Осыларды сыни түрде қараса, қазақтың сөз мәдениетін көрсететін дүние шығады деп ойлаймын.

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі тарихымызды да дұрыстап көрету керек. Өйткені соңғы жылдары тек тәуелсіздіктен кейінгі тарихқа ғана баса назар аударылып жүр. Ал бұл дұрыс емес. Бұл – отыз-ақ жыл. Ал осы тәуелсіздікке біз қалай жеттік, оны кім әкелді? Тек қана бір Президенттің есімімен байланыстырып оқыта бастады тарихты. Бұл – өте үлкен қателік. Өйткені тарихты кім жасайды? Әрине, тұлғалар. Ал осы тұлғаны шығаратын – халық. Сондықтан біз қазіргі тарихтың ішінде тұлғаларға ерекше тоқталып, тұлғалар танымы арқылы зерттеуіміз керек. Орыстілді ғалымдар арасында «Қазақстанда тұлғатану ғылымы болмаған» деген пікір бар. Арнайы ресми ғылым ретінде тіркелмегенімен, аңыз-жырлардың бәрі, айталық, «Ер Төстік», «Ер Тарғын», тіпті Ахмет Байтұрсынұлының жиырма үш жоқтауы да түрлі тұлғаға арналған. Бір ғана мысал: «Кенесары-Наурызбай» жыры тұлғатану емес пе? Біз тұлғаны ауызша өлең, жыр, жоқтаумен таныттық. Олай болса бізде тұлғаны танытудың бірнеше әдісі болған. Міне, осының барлығы қазір жазылып жатқан тарихқа енгенде ғана ол жаңа тарих болып шығады. Сонда әлем танитын болады. Біздің оқу-біліміміздің жоғары екенін көрсететін «Алаш» тұлғаларының өмірі, олардың алгебра, психология, педагогика, тарих секілді еңбектерінің бәрі бұл кітапта болады. Президент осыны меңзеп отыр. Бұл оқулық жақсы жазылса, әлемнің барлық тіліне аударылатын болады. Менің ойымша, ұлтараздық, бір-біріне айдапсалушылықты тоқтату үшін орыс пен қазақ зиялыларының арақатынасы туралы да жазылу керек. Мысалы, Янушкевичтің қазақ даласы туралы айтылған пікірі, Достоевский мен Шоқанның достығы, Сидельников сынды орыс аграномдарының пікірлерінің барлығы оқулыққа енгізілгені жөн. Батыс Қазақстандағы «Алаш» зиялыларының съездерінде татардың атақты өкілі Тоқайдың болғаны да көрсетілгені дұрыс. Міне, осындай әдістемелік мәселелер жазылып жатыр деп ойлаймын. Мәдениет, экономика – бәрі бөлек жазылуы керек. Президенттің құрылтайда айтқан шағын ғана тезистік пікірінің астарында осындай үлкен мәселе жатқанын бүгінгі оқырман білуі керек. Президент құрылтайда бізге нағыз стратегиялық дамуымыздың жоспарын көрсетіп берді.

Тұшымды жауабыңыз бен сырлы сұхбатыңыз үшін рақмет!

Нұрәсем АХАН,«QH»