«Саз» ансамблі «Шабыттан» жүлдемен оралды
Қарағандылық «Саз» этно-фьюжн ансамблі Астанада өткен «Шабыт» халықаралық фестивалінде жүлделі орынға ие болып, өңірге абыроймен оралды. Ұлттық аспаптарда танымал туындыларды орындаған өнерпаздар көрерменнің ерекше ықыласына бөленді. Кеншілер мәдениет сарайында ансамбль мүшелерін ыстық ықыласпен қарсы алып, олар сайыс барысында орын алған қызықты сәттері мен әсерлі тәжірибелерімен бөлісті.
Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Ғалымжан Өтелбайұлы өнерпаздарды құттықтап, шығармашылық топқа одан әрі қолдау көрсетілетінін жеткізді.
– Сіздердің осындай маңызды сайысқа қатысып, жүлдемен оралғандарыңызға өте қуаныштымыз. Біз сіздерді қолдап, жанкүйер ретінде бірге толқып отырдық. Қысқа мерзімде дайындалып, облыс намысын қорғап келгендеріңізге шын ризашылығымызды білдіреміз, – деді Ғалымжан Өтелбайұлы.
«Саз» этно-фьюжн ансамблі бір ай бұрын құрылған және құрамында 12 өнерпаз бар. Қысқа мерзімде олар өнерімен көпшіліктің назарын аударып, халықаралық сахнада жарқын дебют жасады. Ұжым жетекшісі Арман Марат болашақта топтан үлкен жетістіктер күтетінін атап өтті.
– Біз әлі жаңа ғана құрылған болсақ та, осындай жетістікке жеттік. Барлығымыз барымызды салдық, жақсы өнер көрсетуге тырыстық. Сайыста үш шығармамызды орындадық, тыңдармандар өнерімізді жоғары бағалады. Қатысқан өнерпаздардың деңгейі жоғары болды, бұл біз үшін үлкен тәжірибе болды, – дейді «Саз» этно-фьюжн ансамблінің жетекшісі Арман Марат.
Ансамбль мүшесі Жанбота Нұрмұханметқызы қылқобыздың әсем үнімен көрерменнің жүрегін жаулады. Жас өнерпаздың сахнадағы сенімділігі мен шебер қимылдары тыңдармандарды тамсандырды.
– «Шабыт» сахнасына шығу – әр жас өнерпаздың арман-тілегі. Көп толқыдым, бірақ сахнаға шыққан сәтте қобыз мені жігерлендірді. Көрерменнің жылы қолдауы бізге ерекше күш берді. Бұл жеңіс – бүкіл ансамблдің бірлескен еңбегінің нәтижесі, – дейді қылқобызшы Жанбота Нұрмұханметқызы.
«Шабыт» фестивалі – әлемнің түкпір-түкпірінен келген талантты жас әртістерді, суретшілер мен ақындарды бір арнаға тоғыстыратын Қазақстандағы ең ірі мәдени шаралардың бірі. Сайысқа 18-ден 35 жасқа дейінгі өнер оқу орындарының студенттері мен түлектері, сондай-ақ филармониялар, театрлар және концерттік ұйымдардың кәсіби орындаушылары қатысты.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»

