Саяхатқа шабыт беретін Қарағанды
Қарағандының Орталық саябағы бір күнге нағыз туристік алаңға айналып, саяхат пен табиғатты сүйетін жүздеген тұрғын мен қонақтарды біріктірді. Мұнда «Саяхатқа шабыт беретін Қарағанды» облыстық туристік фестивалі өтіп, аймақтың туристік әлеуетін таныстырумен қатар, белсенді өмір салтын дәріптеді.
Саябақ аумағында құрылған шатырлы қалашық пен түрлі тәжірибелік аймақтар ерекше қызығушылық тудырды. Қонақтар күрке тігіп, арқан өткелінен өтіп, «турист эстафетасында» бақ сынады. Жас туристер мен қала тұрғындары табиғат аясында қауіпсіздік ережелерімен танысып, саяхат кезінде қажет болатын дағдыларды меңгерді. Мұндай белсенділік жастарды салауатты өмір салтын ұстануға ынталандырып қана қоймай, ұжымдық рухты арттырды.
Қарағанды облыстық туристік клубы директорының орынбасары Павел Кистанов клуб тарихына тоқталды.
– Клуб құрылғанына 60 жыл ішінде біз тәжірибе жинақтап, оны бөлісуге ниетті жандарға жеткізіп келеміз. Соңғы уақытта жастарды белсенді туризмге тартудамыз. Бұл әрі физикалық дамуға, әрі табиғатпен етене жақындасуға ықпал етеді. Біз командада жұмыс істей отырып, өз өлкемізді танимыз. Бұл өте қызықты, – деді ол.
Фестиваль бағдарламасы түрлі бағыттағы тәжірибелік бөлімдермен толықты. Қатысушылар туристік жолақтан өтіп, тіршілік дағдыларын шыңдауға мүмкіндік алды. Ұзақ сапарларға бейімделген туристік велосипедтің таныстырылымы көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырды. Велосаяхат әуесқойлары велосөмкелерден бастап кемпинг жабдықтарына дейін танысып, пайдалы кеңестер алды.
Көрме аймағында аймақтың туроператорлары, қонақүйлері, мейрамханалары мен туристік клубтары өз қызметтерін ұсынып, жаңа бағыттар мен маршруттар жөнінде ақпарат берді. Қатысушылар тәжірибе алмасып, болашақ сапарлары үшін идея жинады.
«Vizit Karaganda» туристік-ақпараттық орталығының басшысы Бақтияр Бекмұрзаев туризмнің маңыздылығын атап өтті.
– Туризм тек қана демалыс емес. Оның ішінде экономика, жаңа жұмыс орындарын ашу, тікелей инвестиция тарту және басқа да игі істер жатыр. Сондықтан бұл жұмыстарға кеңінен қарауымыз керек. Туризм арқылы бизнес жасаймын дегендер үшін де бұл іс-шара айтарлықтай көмек, – дейді орталық басшысы.
Фестивальдің ерекше көңіл-күйін шығармашылық ұжымдардың өнері мен «Fitness Blitz Koper» спорт клубының әсерлі флешмобы арттыра түсті. Шара барысында Қарағанды облысында туризмнің дамуына үлес қосқан азаматтар алғысхаттар мен дипломдармен марапатталды.
Бүгінде Қарағанды облысы – туризмді дамытуда зор әлеуетке ие өңір. Кемпингтер, экоқонақүйлер, этнопарктер және басқа да туристік нысандарды дамыту ішкі және кірме туризм үшін жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Сарапшылардың пікірінше, мұндай фестивальдер аймақтың туристік тартымдылығын арттырып қана қоймай, экономикалық өсімге де жол ашады.
«Саяхатқа шабыт беретін Қарағанды» фестивалі өңір тұрғындары мен қонақтарына жаңа әсер сыйлап, саяхат мәдениетін насихаттап, туризмнің болашағына тың серпін берді.
Ералы ҒАНИ,
«QH»