Сауықтыру орталығы

Тек қана алға және тек қана бірге! «Салют» балаларды сауықтыру орталығында мектеп оқушыларының демалыс маусымы қызу жүргізіліп жатыр. Бірінші маусымға 300-ден астам оқушы келсе, көңілді уақыт өткізіп, денсаулығын нығайтып, жаңа білім мен ерекше әсер алуда.

Жаз мезгілі басталып, оқушылар демалыстың әр күнін тиімді пайдалануда. Бұқар жырау ауданына қарасты Асыл ауылындағы «Салют» сауықтыру лагеріндегі демалыс және сауықтыру бағдарламасы қарқынды түрде жүзеге асуда. Оқушылар бұл мекенге үйреніп, лагерь бағдарламасымен танысып, тіпті маусымның ресми ашылуына тұсаукесер мен спектакльдер дайындап та үлгерді.

– Осы сауықтыру лагерінің бірінші ауысымына 310 бала облысымыздың түкпір-түкпірінен шақыртылған. Жазғы демалысты өзіміздің жоспар аясында лайықты өткізетін іс-шараларымыз бар. Әр түрлі үйірмеміз бар. Бар жақсылық – балаларға, лагерімізге келетін балалар қатары жыл сайын артуда, – дейді «Салют» сауықтыру орталығының директоры Гүлмира Амирова.

Білім мен ойын-сауықпен ұштасқан демалыс – облыстағы барлық жазғы лагерьдің ұстанымы. Гаджетсіз әрі мүмкіндігінше белсенді және танымдық ойындар оқушылардың уақытын қызықты өткізуіне ықпал еткен.

– Қарағанды облысында қала сыртындағы сегіз лагерь жұмысын бастады. Қарағанды облысында алғаш рет киіз үйлі лагерь ашылды. Ол – ұлттық салт-сана, дәстүрімізді дәріптейтін, балаларды туризмге үйрететін, оқушылардың бойында патриоттық сезімді дамытатын лагерь. Жаз маусымында 1500 оқушы осы лагерьде демалады, қала сыртындағы лагерьге 7000 оқушы қамтылады, – деп тоқталды Білім басқармасының Тәрбие жұмысы, арнайы және қосымша білім беру бөлімінің басшысы Аруна Мұқашева.

Биыл 1-10 сыныптарда 160 мыңға жуық оқушыны жазғы демалыспен қамту, бос уақытын өткізу және жұмыспен қамту жоспарлануда. Ауылдық лагерьлерге жолдама беруде әлеуметтік осал отбасылардың балаларына басымдық беріледі. Облысымыздағы бес балалар үйінің барлық тәрбиеленушісі қала сыртында демалатын болады.

– Алғашқы күндер тез өтті, бастапқыда ұялдық. Тәрбиешілеріміз бәрін жақсы түсіндіреді, уақытымыз қызықты өтуде. Жасым 13-те, алғаш рет келіп отырмын. Бұл лагерьден кеткіміз келмейді, – дейді Қарағанды қаласының тұрғыны Назым Игібаева.

«Салют» лагерінде алты мезгіл тамақ беріледі. Мұнда білікті дәрігерлер де жұмыс істейді. Балаларды полиция қызметкерлері күзетеді. Мұндағы тәрбиешілер мен оқытушылар лагерьдегі балалардың қызықты уақыт өткізуіне және олардың денсаулығын жақсартуға қолдарынан келгеннің бәрін жасайды. Оларды көптеген қызық (конкурстық бағдарламалар, эстафеталар, концерттер, викториналар мен ойындар, хобби сабақтары) күтіп тұр. Шығармашылық студиялар да қарастырылған.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ, «QH»