Сарыарқа өнімдері – сапа мен сенім кепілі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауларында отандық өндірісті дамыту – экономикалық өсімнің басты бағыты екенін үнемі атап өтеді. Осы тапсырмаға сай Қарағанды облысында жергілікті тауар өндірушілердің әлеуеті артып келеді. Өңірде өткен «Қазақстанның үздік тауары – 2025» республикалық байқау-көрмесінің аймақтық кезеңі соның айғағы болды.

Қарағандыдағы көрмеде майлықтар мен жуғыш заттардан бастап брондалған кеудешелерге, қайта өңделген пластиктен жасалған люктерге, ауыр өнеркәсіп пен машина жасау өнімдеріне дейінгі кең ассортимент ұсынылды. 70-тен астам кәсіпорын арасынан қазылар алқасы үш аталым бойынша тоғыз үздік өндірушіні анықтап, олар енді ел бойынша «үздік» атағына таласпақ.

– Мемлекет басшысы отандық өндірісті қолдаудың маңыздылығына үнемі тоқталып келеді. Біздің өңірде өңдеу өнеркәсібі қарқынды дамуда. Көрме барысында жергілікті өндірушілер бәсекеге қабілеттілігін дәлелдеді. Сарыарқада жасалған өнім – бұл сапа мен адамға деген қамқорлық. Өз тауарөндірушілерімізді қолдай отырып, біз экономиканы дамытамыз, брендтерімізді нығайтамыз, өңірдің болашағына инвестиция саламыз, – деді марапаттау рәсімінде облыс әкімінің орынбасары Ермек Алпысов.

«Үздік азық-түлік тауарлары» аталымында «Нәтиже» сүт фабрикасы, «Қарағанды-Нан» корпорациясы және «Мецгер» шұжық цехы жеңімпаз деп танылды.

«Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымында QazTehna автобус және арнайы техника зауыты, антифриз өндіретін «Азия-СМ» және теміржол жабдықтарын шығаратын Drive Industry кәсіпорны үздіктер қатарына енді.

Drive Industry өкілдері өнімдерінің Қазақстанмен қатар Әзербайжан, Өзбекстан, Түрікменстан нарығына экспортталатынын атап өтті.

«Халыққа арналған үздік тауарлар» аталымында тұрмыстық техника өндіретін Silk Road Electronics зауыты, тұрмыстық химия өнімдерінің кең түрін шығаратын WEC Trade және лак-бояу өнімдерін өндіретін «Теміртау Темір-Барс» компаниясы жеңімпаз болды.

Silk Road Electronics директоры Александр Критский Samsung брендімен тұрмыстық техника шығару бір айда 13 мыңнан астам теледидар мен кір жуғыш машина өндіруге мүмкіндік бергенін және кәсіпорынның екі ауысымдық жұмыс режиміне көшкенін айтты.

Сонымен бірге облыс әкімінің «Сапа саласындағы жетістіктері үшін» арнайы сыйлығын Саран қаласындағы Kazcentrelectroprovod компаниясы алды. Компанияның өнімінің жартысы Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Германия, Австрия, Швейцария және Англияға экспортталады.

«Қазақстанның үздік тауары» байқауы Президенттің «Алтын сапа» сыйлығымен қатар 2006 жылдан бері өткізіліп келеді және отандық тауар өндірушілерді алға бастырудың маңызды алаңына айналды. Қарағандылық компаниялар да республикалық деңгейде марапатқа ие болып, өңірдің өндірістік әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Құралай КӨБЕНОВА,

«QH»