Сарбаздар қарияларға көмек көрсетті
Қарттар күні қарсаңында Қарағанды облысы, Ақтас елдімекеніндегі қарт азаматтарға ерекше көңіл бөлінді. Бұл игі істің басында 44803 әскери бөлімі зениттік-зымыран дивизионының сарбаздары тұрды. Олар ел игілігі үшін өмірінің үлкен бөлігін арнаған ақсақалдар мен апаларға қамқорлық танытып, алдағы қыс мезгіліне дайындығына көмек қолын созды.
Сарбаздар ауыл тұрғындарының үйлеріне арнайы барып, көмір жеткізіп, оны реттеп үйіп берді. Сонымен қатар отын жарып, үйлеріне тасып, жылу маусымына сақадай сай болуына жәрдемдесті. Әсіресе жалғыз тұратын зейнеткерлер үшін бұл көмек үлкен демеу болды. Ақтаста орталық жылу жүйесінің болмауы – мұндағы әрбір үйдің қысқы маусымға жеке дайындалуын талап етеді. Қыстың қақаған аязында көмір мен отынның жеткілікті болуы – қариялардың қауіпсіздігі мен жайлы тіршілігі үшін аса маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, әскери қызметшілердің бұл бастамасы нағыз азаматтық парыздың үлгісі болды. Қарттарға қамқорлық көрсету – халқымыздың көне дәстүрінен бастау алатын өнегелі іс. Осындай игі бастамалар арқылы жас ұрпақ ата-баба аманатына адалдық танытып, үлкенге ізет, кішіге өнеге болуды жалғастыруда. Қарттар үшін бұл көмек тек материалдық демеу ғана емес, сонымен қатар олардың қоғам назарынан тыс қалмағанын сезінуіне себеп болды. Ал сарбаздар үшін бұл шара адамгершілік пен патриоттық тәрбиенің нақты көрінісі болды.
Қанағат ЭДУАРДҚЫЗЫ,
«QH»