Сарандық студент – ел үздіктері қатарында
Білім мен табандылық – жастардың жарқын болашағына жол ашатын басты факторлар. Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі колледж студенттері арасында өткізілген байқау өз ісіне адал, білімді жастарды айқындады. Қазақстан колледждерінің ең үздік 100 студенті анықталды. Бұл тізімге түрлі салада жетістікке жеткен, оқу мен қоғамдық өмірде белсенділік танытқан дарынды жастар енді. Солардың қатарында Саран қаласындағы Абай Құнанбаев атындағы жоғары гуманитарлық-техникалық колледждің студенті – Қадырбаева Аяна да бар. Ол тек оқу озаты ғана емес, сондай-ақ түрлі жобаға белсене қатысып, колледждің қоғамдық өміріне елеулі үлес қосып келеді. Бұл жетістік – жас маманның еңбегі мен талпынысының нәтижесі ғана емес, оқу орнының білім сапасының да көрсеткіші.
Астанада «Жылдың жұмысшы мамандықтары» жобасы аясында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары арасында «Қазақстан колледждерінің 100 үздік студенті» атты республикалық байқау өтті. Бұл байқау – жастарды кәсіби шеберлікке ынталандырып, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды дәріптеуді мақсат етеді. Игі шараға республика бойынша 512 колледжден 2000-нан астам дарынды студент өз өтінімдерін жолдады. Қатысушылар білім сапасы, кәсіби дайындық, қоғамдық белсенділік және жеке жетістіктері бойынша бағаланды. Қатаң іріктеу кезеңінен сүрінбей өткен 100 үздік студент ғана марапат иегері атанды. Қарағанды облысының намысын қорғаған, 4-курс студенті Аяна Қадырбаева өз білімділігімен, белсенділігімен және мамандығына деген сүйіспеншілігімен ерекшеленіп, үздіктер қатарынан көрінді. Ол республикалық байқаудың іріктеу кезеңінен сәтті өтіп, Астана қаласында өткен салтанатты марапаттау рәсіміне арнайы шақырту алды. Бұл жетістік – Аянаның тынымсыз еңбегі мен оқу ордасының сапалы білім беруінің нәтижесі ғана емес, сонымен қатар еліміздегі техникалық және кәсіптік білімнің дамып келе жатқанының айқын дәлелі.
– Жарыста менің жобам «Zein Might» жобасын ұсынған болатынмын. Осы жобам арқылы мен республикалық байқауға өткен едім. Жалпы бұл жобаны 1 ай уақыт аралығында жасағанмын. Бұл жоба онлайн платформа. Менің мамандығым қазақ тілі және әдебиеті мұғалімі болғандықтан зейінді дамытуға арналған оқушыларға арнап онлайн платформа дайындаған болатынмын, – деді Қазақстан колледждерінің 100 үздік студент иегері Аяна Қадырбаева.
Аяна Қадырбаева – Саран қаласындағы Абай Құнанбаев атындағы жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің үздік түлектерінің бірі. Жуырда ол оқу орнын сәтті аяқтап, кәсіби білімін растайтын дипломды салтанатты түрде қолына алды. Колледж қабырғасында жүрген жылдары Аяна тек теориялық және практикалық білім алумен шектелмей, оқу ордасының қоғамдық өміріне де белсенді араласты. Түрлі әлеуметтік жоба мен еріктілер қозғалыстарына қатысып, жастар саясаты мен азаматтық бастамаларды дамытуға өзіндік үлес қосты. Оның жетекшісі Жанбол Жаяубаев Аянаның жан-жақтылығын ерекше атап өтті.
– Аяна – тек үлгілі студент қана емес, нағыз көшбасшы. Ол кез келген іске жауапкершілікпен қарап, ұжыммен жұмыс істеу қабілетімен ерекшеленді. Қоғамдық шараларға белсене араласып, жастар арасында үлкен беделге ие болды. Болашағынан зор үміт күттіретін жас маман, – дейді, жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жанбол Жаяубаев.
Білімге деген құштарлығы мен азаматтық белсенділігінің арқасында Аяна бірнеше байқаулар мен жобаларда жеңіске жетіп, колледждің абыройын биіктен көрсете білді. Оның бұл жетістіктері еңбекқорлық пен табандылықтың нақты жемісі деуге болады. Республикалық байқау жеңімпаздарына жоғары оқу орындарына грантпен түсу, жұмысқа орналасу және жеке жобаларын жүзеге асыру үшін әкімдік тарапынан қолдау көрсетіледі.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»