Сарқылмас сарын

Сарқылмас сарын, бойды шымырлатып, сананы сабылтар қобыз үні. Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжіне 70 жыл және колледждің халық аспаптары бөліміндегі қылқобыз сыныбының ашылғанына 30 жыл. Осындай тарихи сәтке орай Станиславский атындағы Қарағанды орыс драма театрында «Мәңгілік сарын» атты мерейтойлық концерт өтті.

Сырлы қобыздың күңіренген қоңыр үнін тыңдап, әсерлі ән мен күмбірлеген күй тыңдасақ деп келген көрермендер қарасы аса көп. Онлайн деп жүрген екі жылда дәстүрлі өнерді дәріптеуде есе жіберіп алғанымыз байқалады. Өнерсүйер қауым ұлттық аспаптар концертін көптен күткенін аңғартты.

Ұлттық аспаптарды ұлықтаған ұтымды шараның ұйымдастырушысы — 70 жылдық тарихы бар Қарағанды өнер колледжі қабырғасында жастарды көне қобыз өнеріне баулу мақсатында алғаш болып сынып ашқан ұстаз Жаңқаш Ықыласұлы. Айтуынша, киелі сахнадағы сазды кеш осы күнге дейінгі ұстаздық еңбегінің есебі ретінде ұйымдастырылып отыр. «Мәңгілік сарын» аталуының өзінде үлкен мән жатыр. Қобыз шанағынан төгілген әр күй, әр шығармада қазақтың өткені, тарихи тағдыры жатыр. Сол өмір соқпағын қобыз сарынымен сабақтап жеткізу көзделген. Концерт шымылдығын «Кертолғау» күйімен Жаңқаш Жұмабековтің өзі ашты. Бұл күйдің де таңдалуы тегін емес. Ертеректе жылдың 365 күнінде Аллаға мадақ ретінде қобызбен күніне 1 күй орындалып тұрады екен. Соның ішінде наурыздың 21-інен 22-сіне қарағанда іріктеліп 9 күй орындау міндет екен. Сол таңдаулы 9 күйдің ішінде Ықыластың «Кертолғау» күйі болады екен деген аңыз бар.

Осылайша «Кертолғаумен» шымылдығы ашылған керемет шарада тың туындылардың тұсауы кесілді. Бұл кеште Сағымбаев Әбілхайырдың орындауында халық әні «Дайдидау» алғаш рет қылқобыз үнімен, қылқобыз табиғатымен тартылды.

Жалпы көрерменнің құлақ құрышын қандырып, таңдайын қақтырған мерейтойлық концертке кіл мықтылар жиылған. Мұнда қобыз сыныбынан түлеп ұшып, Қазақстан мен шетел сахналарын бағындырып, өнер көрсетіп жүргендердің орындаушылық қабілеттері халыққа паш етілді. Айтулы шараға арнайы келіп қатысқан шәкірттер бүгінгі жетіп отырған жетістіктері, әрине, оң бағыт берген құрметті ұстаз Жаңқаш Ықыласұлының еңбегі екенін растауда.

Кеш бағдарламасында қобыз атасы — Қорқыттың күйлері, Ықылас Дүкенұлының шығармалары және халық композиторларының құнды туындылары академиялық Тәттімбет атындағы халық аспаптары оркестрінің сүйемелдеуімен орындалды. Қазақтың ежелгі мәдениеті, тарихы мен дәстүрінен сыр шертер кеш көпшілікке халық аспаптарының үндестігін насихаттағандай ерекше әсер сыйлады.

Шамшырақ ХАЛЫҚҚЫЗЫ,

«QH»