Сапалы ауызсу – әр отбасының құқығы

Қарағанды облысында 2025 жылы жүзеге асқан ауқымды жобалардың арқасында барлық тұрғын орталықтандырылған ауызсумен қамтылды. Облыс әкімдігінің деректері бойынша, қала мен ауылдық елді мекендерде барлығы 67 жоба іске асырылып, оның ішінде 22 құрылыс нысаны толық пайдалануға берілді, ал 45 ауылдық елді мекенге блок-модульді су тазарту кешендері орнатылды. Нәтижесінде облыстың барлық тұрғындары сапалы ауызсу қызметіне қол жеткізді.

– Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыста ауызсу саласында маңызды ілгерілеу болды. Тұрғындардың 100 пайызы енді орталықтандырылған су жүйесімен қамтамасыз етілді, – деді Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тілектес Досаев аппараттық кеңесте.

Қарағанды қаласында үш ірі жоба сәтті аяқталды. Жаңа және Ескі Тихоновка елді мекендерінде жаңа су құбырлары тартылып, бұрын орталықтандырылған су жүйесі болмаған жеке сектор тұрғындары ауызсумен толық қамтамасыз етілді. Теміртау қаласында үш шағынаудан мен Оң жағалау аумағы орталықтандырылған су жүйесіне қосылды.

Сонымен қатар жұмыстар Абай, Ақтоғай, Бұқар жырау, Қарқаралы, Нұра, Осакаров және Шет аудандарында жүргізіліп, әрбір елді мекенде сапалы ауызсу жүйесі орнатылды. Бұл өңірдегі әлеуметтік маңызды жобалардың бірі.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев атқарылған істің халық тұрмысын жақсартудағы мәнін атап өтті.

– 2025 жылы біз қалалар мен ауылдарды сапалы ауызсумен толық қамту міндетін толық көлемде орындадық. Бұл – тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырудағы негізгі көрсеткіштердің бірі. Ендігі маңызды міндет қол жеткізілген деңгейді сақтау, нысандарға тиісті қызмет көрсету және су сапасына тұрақты бақылау жүргізу, – деді өңір басшысы.

Облыстағы ауызсу жобалары тек инфрақұрылымдық даму ғана емес, сонымен қатар тұрғындардың денсаулығы мен өмір сүру сапасын арттырудағы маңызды іс. Алдағы жылдары да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып, жаңа елді мекендер мен шағын аудандар сапалы ауызсумен қамтылуы жоспарлануда.

Ералы ҒАНИ,

«QH»