Сапа сертификаты
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне бір ғана қаңтар айында өңір тұрғындарынан 239 шағым түскен. Олардың басым бөлігі бөлшек саудаға қатысты — 101, ал тұрмыстық қызметке түскен шағым саны — 87. Залал сомасы бірнеше мыңнан бірнеше миллион теңгеге дейін жетіп отыр.
Департамент басшысы Әлия Кулагинаның пікірінше, жерлестеріміз өз құқықтарын жетік біледі, тіпті сот алдында қорғауға да дайын. Саудадағы құқықтары туралы кеңес алып, шағым жазуға келетіндердің саны күн сайын артып келеді.
— Мен Павлодар облысында жұмыс істеген кезде, сауда саласына түсетін шағым аз еді. Сол өңірде қызмет еткен 9 ай ішінде 400 өтініш түсті. Ал Қарағанды облысында дәл осындай уақыт аралығында түскен шағым саны — 2 000. Бұл өңірде заң жүзінде өзін қорғай алатын белсенді азаматтар тұрады, — дейді Әлия Кулагина.
Департамент мамандары тауарларды сатып алған және оларға қанағаттанбаған азаматтың шағымына заңнамаға сәйкес 10 күнтізбелік күн ішінде жауап береді. Осы мерзімде сатушы тарапынан сатып алушыға кері байланыс болмаса, департамент өкілдері дүкенге немесе компанияға барып тексеріс жүргізеді.
Бұдан бөлек, басқарма сапасыз тауар сату, сатушы туралы толық ақпарат ала алмаған жағдайларда да дүкен мен компанияны тексеруге құқылы.
Алайда тұтынушы әрдайым тауар сапасына кепілдік беретін сертификат талап етуі тиіс.
— Бізге жарамдылық мерзімінен бұрын бұзылған немесе бағасы мен сапасы сай келмейтін тауарға қатысты шағым жиі түседі. Біз мұндай жағдайларда азаматтарға дүкеннен сапа сертификатын талап етуін сұраймыз. Сатушылар сертификат көрсетпеген жағдайда, заң бұзушылық орын алады. Ал бұл бизнес субъектісі қызметінің тоқтауына да алып келуі мүмкін. Өкінішке қарай, тұтынушылардың барлығы мұндай құжаттың бар екенін біле бермейді. Салдарынан кей кәсіпкер әділ, адал сауда жасамайды, — дейді басқарма басшысы.
Департамент қызметкерлері кеңес берумен қатар сотта үшінші тарап ретінде сөйлей алады. Бірақ сот талқылауына сирек қатысады. Тұтынушылар кәсіпкерге шағымданса да, әрдайым жеңіп шыға алмайды. Сондықтан Әлия Кулагина конфликт жағдайларда адвокаттың көмегіне жүгінуге кеңес береді.
— Өткен жылы бізге үш мыңнан астам шағым түсті. Көптеген тұтынушы 2–3 млн. теңгеге шығын сомасын белгіледі. Бір жағынан, жерлестеріміздің әл-ауқаты таңдандырғанымен, екінші жағынан, тұрмыстық қызметтерге тапсырыс беру немесе тауар сатып алу кезінде бейжайлығы көңіл қуантпайды, — деп атап өтті Әлия Кулагина.
Ақзия ОРАЗАЛИЕВА,
«QH»